Ата заң – елдігіміздің белгісі

0 19

Тарих қойнауынан орын алған 1995 жылдың 30-тамызында барша қазақстандықтар еліміздегі жалпы­халық­тық референдумға біркісідей қатысып, сол ынтымақты тірліктің нәтижесінде ел Конституциясы қабылданған еді.

Биыл осы айтулы датаға 29 жыл толып отыр. Расында, елдігімізді білдіріп, оны өзгелерге танытатын Ата Заңымыз Қазақ елінің біртұтастығы мен мызғымас бірлігін айқындап, өркендеу жолымыздың заңдылық тұрғысындағы бағдаршамына айналды.

Осы орайда, өткен бейсенбі күні, аудандық Мәдениет үйінде ҚР Конститу­циясының 29 жылдығына орай «Конституция – мәңгілік елдің тұғыры» атты мерекелік жиын болып өтті.
Мемлекеттік Ту ортаға шығарылған соң, Әнұранымыз орындалып, елдігімізді айғақтайтын айтулы күн осылайша жоғары дәрежеде ұлықталды.

Келесі кезекте мерекелік жиын мінберіне көтерілген аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы жиналған көп­шілікті Конституция күнімен қызу құттықтай келе:

– 29 жыл бұрын қабылданған Ата Заңымыз мемлекетіміздің дамуына, көркеюі мен гүлденуіне негіз болып, Тәуелсіздігімізді нығайта түсті. Әділ заңмен қорғалған еліміз жасампаздық жолына түсіп, жаңа дәуірге қадам басты. Міне, содан бергі уақыт ішінде егеменділігіміздің тірегіне айналған Конституция еліміздегі экономикалық-әлеуметтік реформалардың ілгері басуына ұйытқы болды. Осы ретте, баршаңызды Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын. Отанымыз – Қазақстанның болашағы жарық, келешегі кемел болсын! – деген соң, ауданымыздың өсіп-өркендеуі жолында өзіндік үлестерін қосқан бірқатар азаматтарды марапаттау рәсімін өткізді.

Олардың ішінде, аудандық сани­тариялық-эпидемиологиялық бақылау бас­қармасының эпидемио­логиялық ба­қылау және қадағалау бөлімінің жетекші маманы Үсенова Айша Мыңбайқызы, аудандық Мәдениет үйінің әдіскер-көр­кемдеушісі Бадалов Важиб Меджлисович, Ақермен ауылдық округі әкімі аппа­ратының бас маманы Дәрменов Қайрат Әлденұлы мен орталық ауруханаға қарасты №1 отбасылық денсаулық ор­талығының егу мейірбикесі Ұзақбаева Мария Тілеуқабылқызы аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталса, Меркі ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман іс жүргізушісі Абу Дарын Тұрабекұлы, жоғарыда аталған басқар­маның санитариялық-гигиеналық бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы Баясыл Айдана Жанатқызы, Сұрат ауылдық кітапханасының кітапханашысы Әлімбаева Шынар Рысбайқызы, аудандық көпбейінді орталық ауруханасының перзентхана бөлімінің тазалықшысы Бөркеева Гүлзат Кәріпбайқызы, Жамбыл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман ӘТО инспекторы Кудаев Заурби Рүстемұлы, Аспара ауылдық клубының меңгерушісі Рахманқұлова Жазира Нұрқалықызы, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жастар ісі жөніндегі инспектор заңгері Сүйімбай Бағлан Төлегенұлы мен «Красный Восток» шаруа қожалығының жетекшісі Зияддин Шерадзе аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды.

Мерекелік іс-шараның соңы аудан көркемөнерпаздарының мерекелік кон­церт­тік бағдарламасына ұласты.