8-наурыз – Халықаралық Әйелдер мейрамы Меркі ауданында ерекше салтанатпен аталып өтті. Аналар мен аруларға деген шынайы құрмет пен ықыласты білдіретін мерекелік шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, әйелдердің қоғамдағы орны мен еңбегі айрықша аталып өтті.
Мереке аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың аналарды арнайы құттықтауымен басталды. Ол алдымен ауданның ардагер ұстаздарын, зейнеткер аналар мен көпбалалы аналарды арнайы құттықтап, гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ, әрбір анаға ақ орамал жауып, шынайы алғысын білдірді.
Содан соң, орталықта қазақтың ұлттық киімін киген аналардың шеруі ұйымдастырылып, оларға ер азаматтар екі қатар сап түзеп құрмет көрсетті. Бұл – ұлт анасына деген ерекше ілтипат пен аналардың қоғамдағы айрықша рөлін бағалаудың жарқын көрінісі болды.
Салтанатты шаралар легі аудандық Мәдениет үйінде өткен «Асыл ана – өмір шырағы» атты мерекелік кешпен жалғасты. Жиын бүлдіршіндердің ана туралы әсем әнімен ашылып, мерекелік кештің көркін қыздырды. Ер азаматтар жанды дауыста аналарға арналған әндер шырқап, жүректен шыққан жыр шумақтарын оқып, нәзік жандардың ыстық ықыласына бөленді.
Кеш барысында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов барша аналарды мерекемен құттықтап, олардың отбасындағы және қоғамдағы айрықша рөлін ерекше атап өтті.
«Әйел – отбасының ұйытқысы, елдің тірегі, ұлттың болашағын қалыптастырушы. Халқымызда «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген ұлағатты сөз бар. Шынында да, қыз-келіншектер тек отбасының ғана емес, қоғамның да берік тірегі. Қазіргі таңда әйел азаматтар экономика, білім мен мәдениет, саясат пен кәсіпкерлік, өнер мен спорт сияқты түрлі салаларда табысты еңбек етіп, елдің дамуына ықпал етуде. Қоғамның әр саласында белсенділік танытып, ұрпақ тәрбиесіне, елдің өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген сіздерге шынайы алғысымызды білдіреміз!», − деді аудан әкімі.
Содан соң, Ербол Жұмабекұлы бірқатар аналарға Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыстап, «Меркі ауданына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапаттады.
Залда отырған барша аналарға арнайы дайындалған «Ықылас гүлі» ұсынылып, ерекше құрмет көрсетілді. Шара соңында аудан өнерпаздары әсем әндерімен, мың бұралған билерімен кештің көркін қыздырып, жиналған көпшіліктің көңілін көтерді.