Ақ халатты абзал жандарға айрықша құрмет

0 16

Медицина – жан мен тәннің арашасы бола білген, асқан жауапкершілік пен жанкештілікті талап ететін ізгі сала. Маусым айының үшінші жексенбісінде аталып өтетін «Медицина қызметкерлері» күніне орай, Меркі аудандық орталық ауруханада ақ халатты абзал жандарды ұлықтаған салтанатты жиын өтті.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Ернар Әбілдаев қатысып, сала ма­мандарын құттықтады. Ол өз сөзінде медицина қызметкерлерінің ел өміріндегі рөліне тоқталып, халық денсаулығын сақтау жолында атқарып жатқан еңбектері үшін шынайы ризашылығын білдірді.

– Адам өміріне араша түсіп, саулық сақшысы болып жүрген сіздердің ең­бектеріңіз өлшеусіз. Денсаулық – әрбір жан үшін ең басты байлық, сол байлықты сақтау жолында еңбек етіп жүрген дә­рігерлерге құрмет – қоғамның парызы, – деді Ернар Ғалиұлы.

Салтанатты жиын барысында бірқатар үздік медицина мамандарына аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары, аудандық мәслихат пен ішкі саясат бөлімі және аурухана әкімшілігінің марапаттары табысталды. Оған қоса гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар тарту етілді.

Мерекелік іс-шара – ақ халаттылардың күнделікті жанкешті еңбегіне деген шынайы алғыс пен ілтипаттың белгісі. Адам өмірін сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлерінің қоғам ал­дындағы еңбегі қашанда құрметке лайық.