Андас батырда алғаш рет фаст-фуд орталығы ашылды

0 12

Ауыл десе, көбіне мал шаруашылығы мен егіншілік елестейді. Алайда, бүгінгі таңда ауыл жастары заман ағымына сай жаңа кәсіп түрлерін игеріп, елді мекендердің экономикалық тынысын кеңейтіп келеді. Соның бір жарқын мысалы – Андас батыр ауылында алғаш рет ашылған фаст-фуд тағамдарын ұсынатын дәмхана.

Бұл тың жобаның иесі – жас кәсіпкер Азамат Алпысбаев. Ол бірнеше жыл бойы қалада қызмет етіп, қоғамдық тамақтану саласында тәжірибе жинаған. Сол жылдарда бойға сіңірген білім мен дағдыны туған ауылында жүзеге асыруды мақсат тұтқан азамат, ауылға оралған соң кәсібін батыл бастап кеткен.

Бүгінде Азаматтың шағын фаст-фуд орталығы ауыл тұрғындарына донер, бургер, пицца, чикен сынды тағам түрлерін ұсынып отыр. Ашылғанына небәрі бес ай болса да, бұл нысан ауыл халқының сүйікті орнына айналған.

– Бастапқыда ауылда фаст-фуд өтімді болады деп ойламағандар да болды. Бірақ, халықтың талғамы өзгеріп келеді. Жастар жағы да, үлкендер де дәмін татып көріп, жиі келе бастады. Қазіргі таңда тапсырыс көп, кей күндері үлгермей де жатамыз, — дейді Азамат Алпысбаев.

Азаматтың айтуынша, бұл кәсіп тек табыс көзі емес, сонымен қатар, ауыл өміріне серпін беретін, заманауи қызмет үлгісін ұсынатын жоба. Ол қазірдің өзінде екі ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл – ауылдағы жұмыссыздықпен күреске қосылған нақты үлес.

Тағам дайындау технологиясы мен санитарлық талаптарға сай жаб­дықталған бұл нысанда гигиена мен сапаға ерекше мән беріледі. Таза әрі жылдам дайындалатын тағамдар ауыл тұрғындарының көңілінен шыққан.

– Балаларымызға қаладан тамақ алдыртпай, осында әкеліп жейміз. Бағасы да қолжетімді, дәмі де жақсы. Бұрын ауылда мұндай болмаған еді, – дейді ауыл тұрғыны Айнаш апай.
Кәсіпкердің болашаққа деген жос­пары да ауқымды. Ол алдағы уақытта тек ауылмен шектеліп қалмай, аудан орталығынан да осындай фаст-фуд нүктесін ашуды көздеп отыр. Бұл бастама жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсібінің аясын кеңейтуге жол ашпақ.

– Ауылда отырып та заманауи кәсіп жүргізуге болады. Тек тәуекел мен ниет керек. Менің мақсатым – туған жерге үлес қосу, жастарға бағыт беру. Ерінбей еңбек етсе, бәрі де жүзеге асады, – дейді Азамат.