Аналарға құрмет – қоғамға құрмет

0 23

8-наурыз – Халықаралық Әйелдер күні мерекесіне орай, аудан әкімі Ербол Жиенқұлов қарт аналардың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады. Бұл игі іс-шара аналарға деген шынайы құрмет пен ыстық ықыластың айқын көрінісі болды.

Алдымен, аудан әкімі Жамбыл ауылының тұрғыны, аяулы ана Күлімбүбі Құрамаеваға арнайы барып, мерекелік лебізін білдірді. Ербол Жұмабекұлы анамыздың елге сіңірген еңбегін ерекше атап өтіп, «Меркі ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады. Сонымен қатар, ақ жаулық жауып, камзол кигізіп, мерекелік сый-сияпат тарту етті. 1943 жылы дүниеге келген Күлімбүбі апа 7 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген ардақты ана. Бүгінде 37 немере, 25 шөберенің қызығына кенеліп отырған ұлағатты әже.

Сондай-ақ, аудан әкімі Аспара ауылдық округіне қарасты Құмарық ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Жамал Бесеуованың үйіне барып, арнайы құттықтады. 1929 жылы дүниеге келген Жамал апа саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына арнап, 42 жыл шопан болып еңбек еткен. Он бала тәрбиелеп өсірген, бүгінде 10 перзент сүйіп, 19 немере мен 43 шөберенің қуанышына бөленіп отырған абзал ана.

Сонымен қатар, аудан әкімі белгілі ақын, халықтың сүйікті қаламгері Шырын Мамасеріковамен де кездесіп, мерекелік құрмет көрсетті. Ол кісіге облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің арнайы Құттықтау хатын табыстап, шығармашылық табыс пен ұзақ ғұмыр тіледі. Анaлар аудан әкіміне ризашылықтарын білдіріп, ана­лық ақ баталарын берді.