Өткен аптаның сәрсенбісі күні, 21-ақпан – Халықаралық Ана тілі күні қарсаңында, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Ана тілім – ажарым, асыл мұрам» атты эссе жазу байқауы өтті.
Орталық кітапхананың «Білім орталығында» өткен байқауға ауылдық округтардың жастар ісі жөніндегі инспекторлары мен жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, барлығы 15 үміткер қатысты.
Ең алдымен, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, оның қолдану аясын арттыру, жастардың ана тіліне деген құрметін қалыптастыру, сонымен қатар, тіл мәдениетін дамытуды басты мақсат санаған байқаудың тағы бір міндеті – тілдің қоғамдағы рөлі мен маңыздылығын түсіндіру, ой өрбіту қабілетін жетілдіріп, өз ойларын анық, жүйелі және көркем тілмен жеткізуге үйрету және орфография, грамматика мен пунктуация ережелерін сақтау болатын.
Байқау іс-шарасын жүргізуші, орталық кітапхананың ақпараттық-библиография бөлімінің меңгерушісі Бақыткүл Сәрсенбиева әділқазылар алқасымен таныстырды. Олардың құрамында тіл оқыту орталығының меңгерушісі Динара Мырзақұлова, аудандық «Меркі тынысы» газетінің Бас редакторы Әлихан Нұралиев, А.Қосанов атындағы №18 ЖОББ тірек мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұргүл Мырзаханова және осы жолдардың авторы, тілдерді дамыту бөлімінің тіл маманы Мөлдір Қалаева болды.
Аталған байқау – «Эссе жазу және тапсыру» мен «Эссені бағалау» кезеңінен тұрды.
Ойдың жүйелілігі мен логикалық байланысы, эсседе зерттеген мәселе бойынша қатысы, оны дәлелдеу, өзіндік қасиет және жаңаша ойлау сияқты талаптары мен шарттары бар байқаудың соңғы нәтижесі бойынша «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жастар ісі жөніндегі инспекторы Ақерке Тұрысбай әділқазылар алқасының ортақ шешімімен Бас жүлдеге ие болды. 1-орынды Т.Рысқұлов ауылдық округі әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі инспекторы Ақыл Құсманова өзінің білгірлігімен бағындырса, 2-орын биігіне Жамбыл ауылының жастар ісі жөніндегі инспекторы Нұржан Бостанов пен жаңатоғандық жастар ісі жөніндегі инспектор Аружан Құрамай шықты. Ал, 3-орынды ақермендік инспектор Аружан Шақшамбаева мен жастар ресурстық орталығының ерікті жасы Аружан Әділбекова өзара жеңіп алды.
Байқау жүлдегерлері арнайы Диплом мен бағалы сыйлықтарға ие болса, қатысушы жастар – Шыңғыс Таңатов, Аружан Темірбай, Нұрдәулет Узбекбаев, Нұркен Ниязбеков, Ербол Қылышбаев, Асфендияр Мырзатай, Қуаныш Серікбаев, Динара Самжанова мен Таңшолпан Құлсарыға Алғыс хаттар тапсырылды (жоғарғы суретте).
Мемлекеттік тілдің аясын кеңітіп, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді білуге деген қызығушылығын арттыру олардың шығармашылық қабілеттерін оятып, сөйлеу мәдениетінің деңгейін көтеруге ықпал ететін кезекті іс-шара өткен аптаның бейсенбісі күні №9 Меркі колледжінің акт залында өтті.
Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен әр сала мамандарының қатысуымен өткен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты осы аудандық байқауға барлығы 6 команда қатысты.
Олар – №44 мектептің «Тіл жанашырлары», М.Әуезов атындағы ЖОББ мектеп-лицейінің «Достық», Жастар ресурстық орталығының «Жастар», аудандық көпбейінді орталық аурухананың «Бірлік», сонымен қатар, №9 Меркі колледжінің «Алаш» және «Алғыр» топтары болатын.
Аталған байқау «Таныстыру», «Үй тапсырмасы», «Сөздің көркі – мақал» және «Ұлттық құндылық» атты 4 кезеңнен тұрды.
Жүргізуші аудандық байқаудың әділқазылар алқасының мүшелері – аудандық «Меркі тынысы» газетінің Бас редакторы Әлихан Нұралиевтің, тіл оқыту орталығының меңгерушісі Динара Мырзақұлова мен тілдерді дамыту бөлімінің тіл маманы Мөлдір Қалаеваны көпшілікке таныстырған соң, ортаға шыққан Әлихан Атыханұлы еліміздегі тіл саясаты бойынша ой-пікірлерін жеткізіп, қатысушы топтарға сәттілік тіледі.
Тартысты өткен аудандық байқаудың нәтижесіне келсек, Бас жүлдені «Тіл жанашырлары» тобы (төменгі суретте) жоғары көрсеткіштері арқылы иеленді. 1-орын «Достық» тобы жеңіп алса, 2-орынға «Алғыр» тобы жайғасты. Ал, «Бірлік» тобы 3-орынды місе тұтты. Жеңімпаз топтар Дипломдар мен бағалы сыйлықтар алды. «Жастар» және «Алаш» тобы Алғыс хатпен марапатталды.