АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ

0 39

Асыға күткен көктемнің шуақты мерекелері – Алғыс айту күнімен басталады. Бұл алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділіктің орнығуына негіз болған бейбітшілік пен келісімнің мерекесі.

Сондай-ақ, бұл күні барша қазақстандық бір-біріне құрмет көрсетіп, ризашылықтарын жеткізіп, алғыс айтады.

Осы орайда, Меркі аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Алғысым шексіз» атты мерекелік іс-шара өтті.

Онда әртүрлі сала ардагерлері мен қызметкерлері бас қосты. Шара шымылдығы Алғыс айту күніне арналған танымдық бейнебаянмен ашылды. Салтанатты шара қонағы болған аудан әкімі Жорабек Баубеков баршаны Алғыс айту күнімен құттықтап, бұл мерекенің мән-маңызына тоқталды.

Сонымен, мерекелік іс-шара адам жанының арашашысы – ақ халатты абзал жандарға алғыс айтудан басталды. Олардың күнделікті жұмыс барысынан дайындалған видеоролик көпшілік назарына ұсынылды.

Алғыс айту күні – қоғамды бірлікке бастайтын мереке болса, оның тұтастығы мен елдің бірлігі жолында әрбір салада жүрген мамандық иесінің еңбегі ерекше. Осы орайда, еркін форматта өткен іс-шарада әртүрлі сала ардагерлерімен сұқбат өткізіліп, әрбір мамандықтың елдік мүдде жолындағы маңыздылығы жайында әңгіме өрбіді.

Балабақша бүлдіршіндері дәрігерлер, ұстаздар, өрт сөндірушілер, аспазшылар мен бақташы сынды тағы басқа да мамандық иелеріне өлең шумақтарымен алғыстарын арнады. Мектеп оқушылары мен ұстаздары халықтар достығы биін билеп, патриоттық рухтағы әндерді шырқады.

Сонымен қатар аудандағы этно мәдени бірлестік өкілдері де мерекелік іс-шараға белсене қатысып, Алғыс айту күнінің түпкі мәніне сайкес, қазақ халқына деген өздерінің шынайы алғыстарын жеткізді.