Әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Меркі ауданында салтанатты жиын өтті. Шара барысында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ернар Әбілдаев сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ел игілігі жолындағы еңбектеріне жоғары баға берді.
– Әлеуметтік сала мамандары – қоғамдағы тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатын арттыруда үлкен рөл атқарып келе жатқан жандар. Сіздердің табанды еңбектеріңіз адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған, сондықтан, еңбектеріңіз әрқашан құрмет пен алғысқа лайық, – деді Ернар Әбілдаев өз сөзінде.
Мерекелік жиын барысында әлеуметтік саланың үздік қызметкерлеріне марапаттар табысталды. Бірқатар мамандар аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен, сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен Меркі ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Сонымен қатар, жиында бөлім басшысы Нұржан Төлебаев та сөз сөйлеп, сала қызметкерлері мен ардагерлерін мерекемен құттықтады. Ол өз құттықтауында әлеуметтік саладағы әр қызметкердің еңбегі – тұрғындардың өмірін жақсартуға қосылған үлес екенін атап өтті.
Марапат иелері өз кезегінде көрсетілген құрмет үшін ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да қоғам игілігі үшін аянбай еңбек ететіндерін жеткізді.
Бұл мереке әлеуметтік сала қызметкерлерінің қажырлы еңбегіне деген зор алғыстың, ізгі ниет пен құрметтің көрінісі болды.