Аптаның алғашқы күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында сегізінші шақырылған Меркі аудандық мәслихатының кезекті қырқыншы сессиясы болып өтті.
Аталған сессияның отырысына аудан әкімі Жиенқұлов Ербол Жұмабекұлы, аудан әкімінің салалық орынбасарлары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, тиісті мекеме-ұжымдардың басшылары, ауылдық округтердің әкімдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия жұмысын жүргізген Меркі аудандық мәслихатының төрағасы Көкірекбаев Мұратбек Болысбекұлы күн тәртібіне ұсынылған – Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының Меркі ауданында іске асыру барысы, «2025-2027 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Меркі аудандық мәслихатының 2024 жылғы 23-желтоқсандағы №36-2 шешіміне өзгерістер енгізу, Меркі ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту, жер комиссиясының құрамын бекіту, Мүгедектер ісі жөніндегі аудандық кеңес құрамын бекіту, халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша комиссия құрамын бекіту, Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу, біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы төлеу, куәлік беру комиссиясын құру, Меркі ауданы әкімдігінің жанындағы қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру бойынша консультациялық-кеңесші орган құрамын бекіту, «Аудан әкімдігі жанындағы мемлекеттік тіл саясатын іске асырушы консультациялық-кеңесші органның құрамын бекіту туралы» Меркі аудандық мәслихатының 2025 жылғы 7-ақпандағы №39-7 шешіміне өзгерістер енгізу, «Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үшжақты комиссияның құрамын бекіту туралы» Меркі аудандық мәслихатының 2025 жылғы 7-ақпандағы №39-8 шешіміне өзгеріс енгізу, Меркі ауданы әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі Кеңес құрамын бекіту, Меркі ауданы әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның құрамын бекіту; Меркі ауданы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия құрамын бекіту, Меркі ауданы әкімдігі жанындағы аудандық терроризмге қарсы комиссияның құрамын бекіту, аудандық эвакуациялық комиссиясының құрамын бекіту, аудандық төтенше жағдайлардың алдын-алу және жою жөніндегі комиссиясын құру, бюджеттік комиссия құру туралы, барлығы 17 мәселемен таныстырды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Өмірбек Мейірхан Азатұлы сөз алып, баяндама жасады.
Мейірхан Азатұлы өзінің тақырыпқа сай кең көлемді баяндамасында Қазақстан Республикасында ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында әлеуметтік сала бойынша бірнеше іс-шаралар бекітілгенін айта келе, олардың әрқайсысына жеке тоқталып өтті.
Оның ішінде, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту есебінен көрсетілетін базалық қызметтерді ұсынудағы тепе-теңсіздіктерді қысқарту бөлімі маңызды саналады. Сондықтан, баяндамашы аудан орталықтарында және аудандық маңызы бар қалаларда интернаттық оқытуды дамыту, мектеп оқушыларын ауыл аумағы үшін талап етілетін аграрлық кәсіптер мен ауыл шаруашылығына жатпайтын қызмет түрлерінің мамандықтарын алуға, оның ішінде, ауылдық жерде орналасқан білім беру ұйымдарының базасында кәсіптік бағдарлау, аудан орталықтары мен аудандық маңызы бар қалаларда кәсіпкерлерді оқыту үшін коворкинг-орталықтар құру жөніндегі шараларды қабылдау, шалғайдағы ауылдық елді мекендерде арнайы жабдықтармен және оқу-әдістемелік материалдармен жабдықталған мобилді оқу орталықтары арқылы оқытуды ұйымдастыру бойынша мәселелерге басымдық жасап, нақты зерделеу жұмыстарын айтып өтті.
Сонымен қатар, Мейірхан Азатұлы шалғайдағы ауылдық елді мекендерде халықты жұмыспен қамтудың мобилді орталықтарымен қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарын жұмысқа орналастыру үшін бос жұмыс орындарының онлайн жәрмеңкелерін өткізу, аграрлық мамандықтарды дәріптеу бойынша есеп берді. Сондай-ақ, ауылдық аумақтарды дамытуды институционалдық қамтамасыз ету бөлімінде білім беру ұйымдары желісінің кепілдендірілген мемлекеттік стандартын өзектендіру бойынша да ақпар берді.
Келесі кезекте сөз алған аудан әкімінің орынбасары Арғымбаев Қайрат Рахымбайұлы 2024 жылдың 12 айында ауыл шаруашылығы саласы бойынша 41 млрд. 052 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 88,9 пайызды құраса, оның ішінде, өсімдік шаруашылығы саласында 28 млрд. 110,1 млн. теңгенің, мал шаруашылығында 12 млрд. 876,1 млн. теңгенің өнімі өндірілгенін, ал, 2025 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 48 млрд. 458,3 млн. теңгеге немесе 109,2 пайызға жеткізу жоспарланғанына тоқталды. Сонымен қатар, Қайрат Рахымбайұлы егін орағы, қант қызылшасын жинау, «Кең дала» бағдарламасы мен «Ауыл аманаты» жобасы, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде барлық құралдары арқылы қаржыландырылған жобалар, минералдық тыңайтқыш енгізу, су үнемдеу технологиялары мен ауылшаруашылығы техникалары, мал басы мен мал өнімдері бойынша айтып, Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы АӨК-тегі ірі зәкірлік инвестициялық жобаларды қаржыландыру жөніндегі тәжірибесін кеңінен тарату бойынша ақпар берді.
Одан кейін сөз алған аудан әкімінің орынбасары Әбілдаев Ернар Ғалиұлы аудандағы құрылыс жұмыстары бойынша күн тәртібіне сай есеп берді.
Оған сүйенсек, 2024 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 28,6 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылып, нақты көлем индексі 113,9 пайызды құрады. 2024 жылы ауданымызда жалпы 13 нысанның құрылысы жоспарланып, 3 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Сонымен қатар, Ернар Ғалиұлы тұрғын үй, инженерлік инфрақұрылым, ауыз су, жол, электр және интернет желісімен қамту, тұрмыстық қатты қалдықтар, ауылдық елді мекендерде мемлекеттік өртке қарсы өрт сөндіру депосын салу, ауылдық елді мекендерде сиреналық-сөйлеу құрылғыларын орнату жөніндегі шараларды қабылдау туралы кеңінен ақпар берді.
Сессия барысында аудандық мәслихаттың төрағасы М.Көкірекбаев, депутаттар – А.Құрманалиев, Н.Сейсенбаев, Ұ.Жекебаев, Қ.Молдашев, А.Хейроев және тағы басқалар баяндамашыларға күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сұрақ-сауалдарын қойып, тұщымды жауаптарын алды.
Кезекті сессияның күн тәртібіндегі барлық 17 мәселе толығымен қаралды. Оның нәтижесінде, депутаттар тарапынан шешім жобасы негізге алынып, олардың толығымен қабылдануын қолдап дауыс берді.