Агроөндіріс – экономиканың драйвері

0 48

Егеменді еліміздің алдында тұрған басты мақсат – халықты негізгі азық-түлік түрлерімен толықтай қамтып, валюта жұмсалып, сырттан келетін тауарға деген тәуелділіктен біржола ажырау болып табылады.  Сондықтан болар, жуырда ғана ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыру бойынша Үкімет отырысын өткізді.

Аталған отырыс барысындағы Олжас Бектеновтің сөзіне сүйенсек, 2024-2028 жылдарға арналған Жол картасында жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру көзделіп, биыл бұл жоспар 111 пайызды құрайды. «Қазақстан өзін негізгі азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз ете отырып, экспортты да дамыту керек. Үкімет осыған қажетті барлық ресурстарды бөледі. Ауыл шаруашылығын дамыту – менің жеке бақылауымда тұратын басым бағыт» – деген Премьер-министр бұл стратегиялық саланың салмақты екенін тағы бір мәрте аңғартып өткен болатын.

Міне, мемлекеттік мән-мағынаға ие һәм үкіметтік дәрежеде жиі қаралатын осы ауыл шаруашылығы бағытының басым тұстарымен жергілікті жерде танысуды мақсат тұтқан ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бисенбайұлы Бердалин сәрсенбі күні ауданымызға арнайы іс-сапармен келді.
Астаналық лауазым иесін қарсы алған аудан әкімінің орынбасары Қайрат Арғымбаев Аманғали Бисенбайұлын өңірімізде агросала бойынша атқарылып жатқан іргелі жұмыстар жиынтығымен құлағдар етіп, Жамбыл облысы аймағында ет экспортымен мықтап айналысып жатқан бірегей өндіріс орны – «Меркі-ет комбинаты» ЖШС-не бастап келді.

Тарихы сонау 1987 жылдан бастау алатын комбинат 2017 жылдан бері ет экспортын қолға алып, бұл бағыт бойынша мол тәжірибе жинақтап үлгерген. 2021 жылы 731 тонна қой етін Біріккен Араб Әмірліктері, Катар, Оман мен Кувейт елдеріне экспорттаған серіктестік 2022 жылы оның көлемін 921 тоннаға жеткізген. Ал, өткен 2023 жылы ол көрсеткіш 952 тоннаны құраған. Бұл нақты цифрлар арқылы жыл өткен сайын экспорт көлемі ұлғайып жатқанын көреміз. Қазіргі таңда комбинатта 42 адам жұмыс жасайды. Тапсырыс беруші шет елдердің сұранысы үшін ет облыс аумағындағы шаруа қожалықтардан келісімді бағада сатып алынады. Сонымен қатар, аталған серіктестік өздерінің қажеттіліктері үшін 10 отар қой бағып отырғанын да айта кетейік.

Міне, осы және басқа да ақпарларды жеткізіп, комбинат жұмысымен таныстырған серіктестік басшысы Берік Егембердиев ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің атқарылып жатқан жұмысқа деген ризашылық сөзінен кейінгі: «Біздің тарапымыздан нендей көмек немесе қолдау қажет?» – деген сауалына:

–Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін агроөндіріс саласы бағытындағы мемлекеттік қолдаулар тізбегі жыл сайын артып-ақ келеді. Сондықтан болар, бұл күндері шын мәнісінде шаруаның еңсесі көтерілді десек болады. Дегенмен, етті экспортқа жөнелту – оңай шағылатын жаңғақ емес. Оның талаптары мен заңдылықтары ұшан-теңіз, қаржылай шығыны да аз емес. Сол себепті, экспортқа жөнелтілетін 1 бас қойға үкіметтік субсидия сомасы қазіргі 3 мың теңгеден жоғары көтерілсе, құба-құп болар еді – деген өтінішін жеткізді.

Вице-министр Аманғали Бердалин, өз кезегінде, әзірше оны 4 мың теңгеге арттыруға болатынын айтып, бұл мәселені агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар тізбегіне қосуға уәде берді.

Кезінде Ресейдегі Саратов мемлекеттік зоотехникалық-ветеринарлық институтын бітіріп, құрылыста жұмысшы, мал дәрігері қызметінен бастап, өмір өткелдері мен кәсіби қызметінде сатылай көтеріліп, біліктілігін арттырған ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин VII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі болған. Сондықтан, қазіргі қызметімен тонның ішкі бауындай астарласқан ол ауыл шаруашылығы бойынша білікті маман саналады. Оны осы сапары барысында Меркі жеріндегі өндіріс ошақтарымен танысу кезінде әр саланы терең түсініп, жағдаятты айтпай жатып ұғуынан да білдік.
Аманғали Бердалиннің ат басын бұрған келесі бағыты – Андас батыр ауылдық округіндегі 20 адам жұмыспен қамтылып, нәпақасын тауып отырған «Бахор» шаруа қожалығының сүт-тауарлы фермасы болатын.

Сүтті келетін асыл тұқымды сиыр өсіретін қожалық 2015 жылы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы аясында Ресейден 100 бас «Голштейн» сиырын жеткізген. Қолдан ұрықтандырудың арқасында қазір оның басы 250-ге жетіп, 100 басы сауылады екен. Оның ішінде, бір тәулікте 45 литр сүт беретін сиырлар да жеткілікті. Осылайша, күніне 2200 литр сүт өндіретін қожалық замана талабына сай ірімшік цехын ашып, онда сұранысқа ие өнім шығаруда. Күніне 100 келі ірімшік еліміздің алыс аймақтарына жөнелтіліп, ол сапалы өнім Меркі бренді деген атаққа ие болған.

Міне, осы көрсеткіштермен жергілікті жерде танысқан вице-министр Аманғали Бердалин қожалық иесі Бахтияр Хасанбаевқа өзінің жоғары бағасын беріп, өз кезегінде кәсіп иесінің жем-шөп қорын молайтуға негіз болатын жер телімі болса деген жекелеген өтініш-пікірлерін де тыңдады.

Келесі кезекте Андас батыр ауы­лындағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының арасын­дағы «Сыпатай батыр» шекара беке­тінің маңындағы «Сыпатай ба­тыр» ве­­теринариялық бақылау және фито­са­нитариялық каран­тиндік бақылау бе­кетінде болған ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин осын­дағы Шекара маңы бекеттерін бақылау бөлімінің бас маманы Еркінбек Жүнісовтен ақпарат алып, өз ойларымен бөлісті.