Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әдебиет – ойымыздың тереңдігі мен рухымыздың асқақтығын айғақтайтын ұлы қазына» деп тегін айтпаса керек.
Осы ретте, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысында 2025 жылды «Кітап оқу жылы» деп жариялаған-ды. Сөз зергерлеріне ерекше құрметпен қарап, түрлі бағыттағы шығармаларды жарық күнде май шам жаға іздеп жүріп оқитын облыс оқырмандары бұл бастаманы толық қолдап, рухани азық болар игі істі қуаттап отыр.
Міне, біздің мерейлі Меркі жері де облыс басшысының жобасы бойынша ізденіс жолына түсе түрлі іс-шаралар тізбегін дайындап, оны ойдағыдай өткізу жұмысына кірісіп те кетті.
Оның алғашқысы, «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясындағы «Кітап – сарқылмас қазына» тақырыбындағы аудандық іс-шараның ресми түрде ашылу салтанаты оқушылар «Үміт» сарайының базасында өтті.
Аудандық білім бөлімі ұйымдастырған, халықтың кітапқа деген қызығушылығын арттыратын іс-шараға аудан әкімі Жиенқұлов Ербол Жұмабекұлы, білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Жанат Сүйімқұлова, ауданымыздың зиялы қауым өкілдері, білім мен кітапхана саласының қызметкерлері, кітап сүйер қауым қатысты.
Алдымен, көпшілік «Үміт» сарайының фоэсіне қойылған жерлестеріміз Шырын Мамасерікованың 80 жылдығы мен Намазалы Омашұлының 75 жылдығына арналған кітап көрмесімен танысып, тың мағлұматтар алды.
Адамзат үшін білімнің қайнар көзі – кітаптың шығу тарихы туралы ақпаратты қамтыған бейнебаян көрсетіліп, мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері дайындаған түрлі сахналық көріністер және ән-биден соң, салтанатты іс-шараның ресми бөлімі де бастау алды.
Сөз алған аудан әкімі Ербол Жиенқұлов бұл бастаманың мән-маңызы мен одан шығатын қорытынды, әсіресе, жастарды кітапқа ғашық етіп, түпкі нәтиже – білімді де саналы ұрпақ тәрбиелеу екенін ортаға салып, кітап оқу жылының ресми ашылуымен құттықтап өтті.
Келесі сәтте биыл 80-ге толған жерлесіміз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікованы ортаға шақырған Ербол Жұмабекұлы мерейжас иесіне гүл шоқтарын табыс етіп, құрмет көрсетті.
Өз кезегінде Шырын Бөкейқызы ат басындай алтынға айырбастамайтын, ханның тағынан да қымбат – кітапқа тағзым жасау керек екенін айтып, аналық ақ алғысын жеткізді.