Абаттандыру ісі алға жылжысын десек…

0 20

Сейсенбі күні аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары, Меркі ауданы әкімдігі жанындағы мемлекеттік тіл саясатын іске асырушы консультациялық-кеңесші органның комиссия төрағасы Өмірбек Мейірхан Азатұлы аталған комиссияның кезекті отырысын өткізді.

Комиссия отырысына аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, комиссия төрағасының орын­басары Тантай Ахметжанов, бөлімнің бас маманы, комиссия хатшысы Мөлдір Қалаева, комиссия мүшелері – аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Абылай Ахметжанов, аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Тұрар Дулатбаев, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тіл маманы Бауыржан Бекжанов, №5 Ақарал ЖОББМГ-ның тарих пәнінің мұғалімі Ғани Қасымов, осы жолдардың авторы, аудандық «Меркі тынысы» газетінің бас редакторы Әлихан Нұралиев және тағы басқалар, сонымен қатар, ауылдық округтердің әкімдері қатысты.

Комиссия төрағасы Мейірхан Өмірбек елімізде, оның ішінде, ауданымыздағы мемлекеттік тіл саясаты мен ономастика саласына байланысты мәселелерді айшықтап түсіндіріп, әсіресе, тіл бойынша өзекті саналатын жайттардың астарын аша келе, осы бағыттағы жұмыстардың деңгейін түсірмеуді ортаға салып, ол үшін жауапты саналатын әр лауазым иесінен іскерлік талаптарын сақтауды ескертті. Сонымен қатар, Мейірхан Азатұлы аудан көлеміндегі көше сілтемелері мен аншлагтардың жай-күйі және олардың жазылу тәртібі арнайы үлгіге сай болуына назар аударды.

Сөз кезегін алған Меркі ауданы әкімдігі жанындағы мемлекеттік тіл саясатын іске асырушы консультациялық-кеңесші органның комиссия төрағасының орынбасары Тантай Ахметжанов комиссия отырысының №1 Хаттамалық тапсырмасының орындалуы бойынша баяндама жасады.
Оған сүйенсек, Меркі ауылдық округі бойынша Қ.Сарымолдаев көшесінің бойындағы «Шашлычный двор» маңдайшасы сол қалпында, бірақ, ілінген баннеріне мемлекеттік тіл де қосылып жазылған. «PAPADONER» нысандарының маңдайшасына «орталығы» деген сөз жазылып, хаттамалық тапсырма орындалды. Ә.Ысмайылов көшесінің бойында орналасқан «Агро» дүкенінің сыртқы баннері 21-мамырда жаңартылып, хаттамалық тапсырма орындалған екен.

«Меркі жолаушы» ЖШС-нің сыртқы көрнекілігін жаңарту бойынша қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ойтал ауылдық округі бойынша «ДОНЕРМАФИЯ» орталығының маңдайшасының қазіргі атауы «Амаль» деп өзгертілген. Хаттамалық тап­сырма орындалды.
Ендігі кезекте, ауылдық округтердегі көше аншлагтары мен сілтемелерінің жай-күйіне келсек, бүгінгі таңда ономастика – қазақ тілінің ажырамас бөлігіне айналғандықтан, ерекше жүйе ретінде қаралып, қолданысқа енді.

Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңында ономастика саласының жұмыстарын ретке келтіру өзекті мәселе болып табылып, Республика аумағындағы көше сілтемелерін талапқа сай жазу жүктелген. Меркі ауданы бойынша 14 ауылдық округ, 45 елді мекен, 444 көше бар. Аншлагтардың жазылу тәртібі бекітілген үлгіге сәйкес жазылуы керек. Сол себепті, ағымдағы жылдың маусым айында ауылдық округтердегі көше сілтемелері мен аншлагтарға зерделеу жұмыстары жүргізілді.

Ал, енді осы жұмыстар аясында 14 ауылдық округ бойынша айтып өтсек, Сұрат ауылдық округінде 3 елді мекен орналасқан (Сұрат, Аққайнар, Тескентоған). Сұрат ауылында 12 көше, Аққайнар ауылында 1 көше, Тескентоған ауылында 2 көше, жалпы 15 көше бар. Көше сілтемелері барлық көшеде қамтылған. Аншлагпен қамтылған көшелер саны 15 және 463 үйге QR кодпен аншлагтары қойылған. Тескентоған ауылындағы Сыпатай батыр көшесінде жаңа QR код қойылған аншлаг таратылған, бірақ, аншлаг ілінбеген үйлер де кездеседі.

Жаңатоған ауылдық округінде 3 елді мекен бар (Қостоған, Мыңқазан, Қызыл сай). Қостоған ауылында 7 көше, Мыңқазан ауылында 3 көше, Қызыл сай ауылында 2 көше, жалпы 12 көше. Көше сілтемелері толық орнатылған Мыңқазан ауылындағы Сейдіман Әкімбеков көшесінің аншлагтары ескірген, жартысы сынып қалған аншлагтар да кездесті. Қостоған ауылындағы «Мырза» дүкенінің баннері, «Авто бөлшектер», азық-түлік дүкендерінің баннерлері ес­кіріп, әбден тозығы жеткен. Аталған кем­шіліктерді қысқа мерзім ішінде ретке келтіру керек.

Андас батыр ауылдық округінде 5 елді мекен бар (Андас батыр, Гранитогор ауылы, Шалдуар стансасы, Қызыл қыстақ, Арал қыстақ). Андас батыр ауылында 23 көше, Гранитогор ауылында 20 көше, Шалдуар стансасында 4 көше, Қызыл қыстақта 2 көше, Арал қыстақта 1 көше бар. Жалпы 50 көше болса, барлығында сілтеме орнатылған. QR код қойылған аншлагтар жоқ. Андас батыр ауылдық округіне кіре беріс кермедегі «Ынтымақ түбі – игілік» атты қанатты сөздің шеті сынып қалған. Бұл айтыла-айтыла жауыр болған мәселе. Аудан әкімдігі жанындағы мемлекеттік тіл саясатын іске асырушы консультациялық-кеңесші органның комиссия отырысының №1 хаттамалық тапсырмасына сәйкес, көрнекі ақпарат құралдары да зерделенді. Осыған орай, Андас батыр ауылындағы орталық көшенің бойындағы «Ариф» мейрамханасының иесіне баннердің ескіргені бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мейрамхана қожайыны 1 апта мерзім ішінде баннерді жаңалау бойынша уәде берді.
Ақарал ауылдық округінде 2 елді мекен орналасқан (Ақарал және Сыпатай ауылы). Ақарал ауылында 11 көше, Сыпатай ауылында 4 көше бар. Жамбыл көшесінің сілтемесі түсіп қалған, ал, Т.Байтиков атындағы көше сілтемесі мен Асубай көшесінің аншлагтары ескіріп, тозығы жеткен. Қазіргі таңда QR кодпен аншлаг қойылмаған.

Ойтал ауылдық округінде 3 елді мекен (Ойтал, Меркі стансасы, Мыханды ауылы) қарайды. Ойтал ауылында 29 көше, Меркі стансасында 39 көше, Мыханды ауылында 1 көше, жалпы саны 69 көше бар. Ойтал ауылындағы Ұлытау, Лермонтов көшелерінің сілтемесі ескірген. QR код қойылған үйлер саны Ойтал ауылында 92 болса, Меркі стансасында 22 үйге QR кодпен аншлаг қойылған.

Ақтоған ауылдық округінде 2 елді мекен (Ақтоған, Қазақ дихан ауылы) орналасқан. Ақтоған ауылында 14 көше, 14 көшенің де сілтемесі бар. Қазақ-дихан ауылында 5 көше болса, 1 көшенің (Маликасан Құлбаев) сілтемесі бүлінген. Қазіргі таңда жаңасын ауыстыруға тапсырыс берілген. А.Құнанбаев, Т.Жанжігітұлы, С.Нартбаев, Т.Дәбесінов, Ақтікен көшелерінің аншлагтары ескіріп, сынған. Бүлінген аншлагтарды жаңартуға және QR кодпен аншлаг қою қаржысы жоспарлануда екен.

Жамбыл ауылдық округіне 4 елді мекен (Жамбыл, Жеміс-жидек, Талдыбұлақ, Тұрлыбай батыр ауылы) қарайды. Жамбыл ауылында 20 көше, Жеміс-жидек ауылында 19 көше, Талдыбұлақ ауылында 4 көше, Тұрлыбай батыр ауылында 3 көше бар. Жалпы саны 26 көше, оның 15 көшесінде сілтеме бар. Қазіргі таңда Мәмбет Смағұлов, Өмірбек Қабылов көшелерінің аншлагтары ескірген. Жеміс-жидек ауылындағы Керімбай Манкеев көшесінің аншлагтары әртүрлі үлгіде ілінген, ескіргені анықталды. Қасымжан Исағұлов көшесінің сілтемесі ескірген.

Т.Рысқұлов ауылдық округінде 2 елді мекен бар (Т.Рысқұлов ауылы, Интернационал ауылы). Т.Рысқұлов ауы­лында 8 көше, Интернационал ауылында 15 көше, жалпы көше саны 23. Рысқұлов ауылына қарасты Досмайыл Сырғабаев көшесінің аншлагтары ескірген, сілтеменің өзі де ауыстыруды қажет етеді. Мешіт маңындағы үйлердің аншлагтары мүлдем жоқ. Интернационал ауылындағы Ш.Төкешұлы, Теректі, Ш.Уәлиханов және Көкшетау көшелерінің сілтемелері және үй аншлагтары ескірген. Округ тарапынан аудан әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөліміне ауылдық округтегі аншлагтарды орналастыруға қаржы сұ­ралған, алайда, ол оң шешімін таппаған.
Тәтті ауылдық округінде 7 елді мекен (Тәтті, Ақжол, Қарасу, Беларық, Тәтті стансасы, Тасөткел, Шемен) қарайды. Тәтті ауылында 7 көше, Ақжол ауылында 5 көше, Қарасу ауылында 3 көше, Беларық ауылында 2 көше, Тәтті стансасында 2 көше, Тасөткел ауылында 1 көше, Шемен ауылында 1 көше. Жалпы 21 көшенің 10-ында көше сілтемесі бар. Қазіргі таңда QR кодпен қойылған аншлагтар жоқ. Тәтті ауылындағы Кеңес Одағының батыры, мерген Әлия Молдағұлованың есімімен аталатын аншлаг үй алдындағы талға ілінгенін байқауға болады.

Аспара ауылдық округінде 3 елді мекен бар (Аспара, Қайыңдысай, Құмарық). Аспара ауылында 7 көше, Қайыңдысай ауылында 3 көше, Құмарық ауылында 1 көше орналасқан. Жалпы 11 көше болса, бәрінде көше сілтемесі бар. Қазіргі таңда QR кодпен қойылған аншлагтар жоқ. Үнемделген қаржы есебінен Құмарық ауылының Сәдуақас Рысбаев көшесіне осы жылдың 3-тоқсанында аншлаг жасалады деп жоспарланған.

Кеңес ауылдық округіне 2 елді мекен қарайды (Кеңес, Жауғаш батыр). Кеңес ауылында 9 көше, Жауғаш батыр ауылында 1 көше бар. Жалпы 10 көшенің сілтемесі қойылған. Қазіргі таңда QR кодпен 166 аншлаг орнатылған. Кеңес ауылына қарасты Жамбыл, Байдәулет Нүсіпов, Нұрахан Үкібасов көшелерінің сілтемелері жаңартуды қажет етеді, анш­лагтары ескіріп, бүлінген.
Сарымолдаев ауылдық округінде 3 елді мекен бар (Сарымолдаев, Екпінді, Ойтал ауылы). Сарымолдаев ауылында 53 көше, Екпінді ауылында 3 көше, Ойтал ауылында 4 көше. Барлығы 60 көше болса, оның 15-іне көше сілтемесі орнатылған. Сарымолдаев ауылындағы 9 көшенің аншлагтарына QR код қойылып, ол 300 үйге орналастырылуда.

Ақермен ауылдық округіне 4 елді мекен (Ақермен, Кентай, Алтын арық, Ақкөзқайнар ауылы) қарайды. Ақермен ауылында 11 көше, Кентай ауылында 2 көше, Алтын арық ауылында 3 көше, Ақкөз қайнар ауылында 1 көше бар. Жалпы 17 көше болса, оның ішінде, 8 көшенің сілтемесі бар. Ақкөз қайнар ауылының аншлагтары толығымен бүлінген, Аншлагпен қамтылғаны 17 көше. Қазіргі таңда QR кодпен қойылған аншлагтар жоқ.

Меркі ауылдық округінде 2 елді мекен орналасқан (Меркі, Меркі шипажайы). Меркі ауылында 73 көше, Меркі шипажайында 1 көше бар. Жалпы 74 көше болса, оның 23-інде ғана сілтеме бар. Сонымен қатар, Жұмабек Дандыбаев көшесінің сілтемесі ескірген, көше аншлагтарының әртүрлі үлгіде ілінгенін байқауға болады. Ұлбөпе Зукенова көшесінің аншлагтары әртүрлі, тозығы жеткендері де кездеседі. Жарылқасын Тұрсынбаев, Ердалы Есімбеков көшелерінің аншлагтары ескірген. Қазіргі таңда QR кодпен қойылған аншлагтар қамтылмаған.

Міне, ауылдық округтер бойынша жоғарыда аталған комиссияның толық зерделеуінен өткен көшелер мен түрлі нысандардың жай-күйі осындай дәрежеде. Көрсетілген кемшіліктер бойынша әр ауылдық округтің әкімінен түсінік алған аудан әкімінің орынбасары, аталған комиссияның төрағасы Мейірхан Өмірбек округтердегі тазалық жұмыстарын қадағалау, әрине, басты мәселе болып саналғанымен, талапқа сай келетін көше сілтемелері мен үй аншлагтары да белгілі бір ауыл әкімінің қажырлы қаракеті мен іскерлігін айғақтап, одан хабар беретін дабыл түймесіндей қауқарға ие екенін баса айтып, кемшін тұстар бойынша жанды жұмыстар атқаруға шақырды.