«ASTANA MEDIA WEEK 2025» жаңа дәуірдің үнін айқындады

0 11

Астанада дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Astana Media Week 2025» форумы биыл да медиа саласының ең өзекті мәселелерін талқылауға арналған басты алаңға айналды. «Ұлтқа қызмет ету – медиа миссиясы» тақырыбымен басталған форумның алғашқы күнінде журналистика мен жасанды интеллекттің өзара байланысы, цифрландыру дәуіріндегі БАҚ-тың келбеті және қоғам сенімі мәселелері кеңінен сөз болды.

Пленарлық отырыс Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау сөзімен басталды. Ол өз сөзінде еліміздің цифрлық трансформация бағытын айқындап, мемлекет пен қоғам арасындағы тұрақты диалог орнатуда заманауи медиа кеңістіктің рөлін атап өтті. Министрдің айтуынша, биылғы форум күн тәртібінде ерекше маңызға ие тақырып – жасанды интеллектіні бұқаралық ақпарат құралдарында пайдалану мәселесі тұр. «Artificial Intelligence» технологиялары бүгінде көптеген редакцияларда виртуалды жүргізушілер мен цифрлық ассистенттер жасау, автоматты аударма, субтитрлеу, деректерді визуализациялау секілді процестерде кеңінен қолданылып келеді. Бұл үрдіс медиа саласына тың серпін беріп қана қоймай, журналистерге жаңа талаптар жүктеп отыр.

Сессияның модераторы, «Euronews» телеарнасының Қазақстандағы бюро жетекшісі Боян Бркич Қазақ елінің заманауи жетістіктерін әлемге таныту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, «Euronews» телеарнасында Қазақстан туралы бірнеше арнайы жоба эфирге шығып жүр. Атап айтқанда, қазақ мәдениеті мен тарихын танытатын Modern Nomads, елімізден шыққан танымал тұлғалар жайлы Voices from Central Asia және экономикалық байланыстарды баяндаған East-West Connect бағдарламалары әлемнің 160 еліне тарауда.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов та медиа құралдарының заманауи цифрлық ортаға бейімделуі туралы сөз қозғады. Ол бүгінгі медианың алдында тұрған басты үш бағытты атап өтті: цифрландыруға бейімделу, жалған ақпаратпен күрес және жасанды интеллект элементтерін тиімді пайдалану. Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда көптеген редакциялар ChatGPT секілді жүйелердің көмегіне жүгініп отыр, бұл үрдіс – уақыт талабы. Сонымен қатар, ол журналистиканың басты миссиясы – қоғам сенімін сақтау екенін еске салды және жасанды интеллект туралы заң жобасының Сенат қарауында екенін хабарлады.

«Жетінші арна» телеарнасының бас директоры Илхам Ибрагимов жасанды интеллекттің әлеуетін мойындағанымен, ол журналистің ойлау жүйесін алмастыра алмайды деген пікірде. Оның пікірінше, ЖИ ұсынған ақпараттың бір бөлігі нақты дерекке сай келмейді, сондықтан ондай материалды тікелей эфирге шығаруға болмайды. Сондай-ақ, ол ЖИ құралдарына жазылу ақыларының қымбаттығын айтып, бұл үнем емес, керісінше жаңа шығын көзіне айналып отырғанын жеткізді.

Форум барысында шетелдік медиа сарап­шылар да өз ойларын ортаға салды. Олардың қатарында «Euronews» халықаралық тілшісі Денис Локтье, Өзбекстан Ұлттық медиа қауымдастығы бас директорының орынбасары Санжар Устабобоев және Түркияның TRT корпорациясының Қазақстандағы өкілі Мехмед Заһид Чалышкан болды.

Екінші панельдік отырыста «Atameken Business» серіктестігінің бас директоры Қанат Сахариянов сөз алып, жасанды интеллектті дамыту мен оны тиімді пайдалану мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, ЖИ даму процесін екі деңгейде қарастыру қажет: бірі – оны жасап жатқан технологиялық компаниялар, екіншісі – сол дайын өнімді пайдаланып отырған біз. «Біздің басты міндет – ұлттық қауіпсіздік пен мүддені қорғау. Президенттің биылғы Жолдауы мен БҰҰ мінберінен айтқан бастамалары ЖИ-ды дамытуға мемлекет деңгейінде назар аударылып отырғанын көрсетеді», – деді ол.

Қанат Сахариянов қазақ тіліндегі контенттің көлемін арттырудың маңызына да ерекше тоқталды. Оның пікірінше, қазақ тіліндегі материалдар неғұрлым көбейген сайын, халықаралық ЖИ жүйелері еліміздің мәдениеті мен тілдік кеңістігіне көбірек назар аударады. «Цифрландырудың табысты дамуы үш факторға байланысты: технология, қазақ тіліндегі мәлі­меттер базасы және осының бәрін игеретін кадрлар. Сондықтан, қазақтілді журналистердің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлу керек», – деді ол.

Сондай-ақ, форум барысында ЖИ арқылы жасалған өнімдерді арнайы таңбалау мәселесі де көтерілді. Қатысушылардың пікірінше, әзірге оған қажеттілік жоқ, алайда болашақта қоғам сұранысына қарай бұл норма енгізілуі мүмкін.

Медиафорумның алғашқы күні «Медиаэтика – сенімнің іргетасы: редакторлар манифесі» атты медиа менеджерлер отырысы, «Салалық журналистика мамандарын даярлаудың өзекті тәсілдері» атты дөңгелек үстел мен белгілі жазушы Төлен Әбдікпен кездесу өтті.

Үш күнге созылған «Astana Media Week 2025» биыл да журналистиканың жаңа бағыттарын айқындап, медиа саласын цифрлық дәуірдің жаңа белесіне жетелейтін кәсіби диалог алаңына айналып отыр.