Абай дара, Абай дана қазақта

0 13

Меркі аудандық тарихи-өлкетану музейінде ұлы ақын-ағартушы, фило­соф, ұстаз, қазақтың жазба әдебиетінің іргетасын қалаушы ақын Абай Құнанбаев­­­тың туғанына 180 жыл то­луы­на орай «Абай дана, Абай дара қазақта» атты танымдық іс-шара өт­кізілді.Іс-шараға аудан ардагерлері, жастар орталығының мамандары қатысты. Ау­данымыздың Құрметті азаматы, зергер Б.Әлібаевтың ұйымдастыруымен Қызыл сай ауылында өткен Абай оқуларының жүлдегерлері, №38 бастауыш мектебінің оқушылары Ұлана Айтмерек, Мейірім Айтмерек, Зейін Ізбасар қатысты. Оқушылар Абай Құнанбаевтың өлеңдері мен қара сөздерін оқыды. Танымдық сағатта Абай Құнанбаевтың өмірбаяны мен қара сөздері, өлеңдерімен жасалған бейнеролик лед экраннан көрсетіліп, таныстырылды.

Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, – деп төрелігін өзі шешкен Абай бүгін жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де бізбен бірге 180 жыл бойы өмір сүріп келеді, мәңгі өмір сүре бермек.

Еліміздің ертеңі мен болашағы бола­тын ұрпағымызға, ертең мен бүгінгіні байланыстыра отырып, құнды дерек беру ең маңызды мәселе. Тек тарихымызды, салт-дәстүрімізді сақтағанда ғана ба­балар өсиетін қастерлеп, оны ұғынған кезде ғана ұлт мақтанышы бола аламыз. Ұлы Абайдың бізге қалдырған мұралары осының дәлелі десек артық айтқандық емес. Жастарға қалдырған өлеңдері, қара сөздері, ой толғаулары адам баласына терең ой тастайды. Болашаққа бағыт- бағдар береді.
Абайтанудың білгірі М.Әуезов атап көрсеткендей, Абай мұрасынан нәр алған рухани үш арнасы: өз халқының мәдени мұрасы мен Шығыс, Батыс елдерінің рухани қазынасы болды.
Оқи жүріп, білімін толықтыра жүріп қырықтан асқан шағында біржола ақындыққа берілді.
Абай өзінің шығармашылығында қара сөзге ерекше мән берген. Қара сөз­дерден адамның көңіл-күйінің жарығы мен қараңғысының айнасы болған күлкі мен қайғы туралы ел арасында осы күнге дейін айтылмаған тың ой табамыз. Өйткені, күлкі мен қайғы туралы ешкім Абайдай тап басып айта алмаған. Абай «күлме» демейді тек «орынсыз күлкіден сақ бол» дейді. Абай өз шығармалары арқылы рухани бірлікке шақырды.

Абай бір жағынан шығыс классиктері Низами, Сағди, Қожа Хафиз, Науаи, Физули, Жәми, тағы басқаларды оқыса, екінші жағынан А.С.Пушкин, А.И.Герцен, М.Е.Салтыков-Щедрин, Н.А.Некрасов, М.Ю.Лермонтов, Л.Н.Толстой, И.А.Крылов, Ф.М.Достоевский,И.С.Тургенев, Н.Г.Чернышевский мұраларын оқып, терең таныс болған, Батыс әдебиетінен Гете, Дж.Байрон сияқты ақындарды оқып, түрлі ғылым салалары бойынша зерттеулер жүргізген. Есейген ша­ғында, осы өзі оқыған философ, ақын, ғалымдармен тең дәрежеде пікір таластырып, олардың ішінен ірі ақын­дардың өзіне әсері болған кесек туындыларын қазақ тіліне аударған. Аударған өлеңдері көркемдік жағынан негізгі нұсқасымен тең түсіп, кейде асып та жатады.

ҚОРЫТЫНДЫ:
Ұлы Абайды өмір, қоршаған дүние, табиғат, болмыс сыры, олардың заңды­лықтары көп ойландырған, ол дүние сырына бойлап, өзін мазалаған сауал­дарға жауап табуға тырысқан. Мен осы кіммін? Жан иелері өмірінің түпкі мәні неде? Барлық адам баласы, жан-жануарлар да тамақтанады, ұйықтайды, қорғанады, артына ұрпақ қалдырады. Сонда адам баласының басқа жан иелерінен айырмашылығы неде? Міне, Абай әркімді де толғандыратын терең сырлы сұрақтарға жауап іздейді.