Той мәдениеті – ұлт мәдениеті немесе қазіргі тойлар қалай өтіп жатыр?

0 44

Тегінде, біздер ресми түрде «Той – қазақ халқының мәдени өмірінің негізгі құрамдас бөлігі. Ол тек қуаныш емес, сонымен қатар, халықтың моральдық құндылықтары мен дәстүрлерін насихаттайтын әлеуметтік құбылыс» – деп жатамыз.

Алайда, осы айтылған тәмсілден төмен сырғып, аттан түссе де салттан түспеген дана ата-бабаларымыздың жалғасы – біз салттан сүрініп қана қоймай, әлгі аттың астындағы қиына да малынып, «құрбан» болып жатқанымыз – қазіргі қазақ қоғамындағы ашық көрініс екенін мойындайтын шаққа да келіп жеттік. Яғни, жоғарыдағы жазылған ой мен сөз жанды іске ойыспайтын утопиялық аңыз сыңайлы көрініп, кері кеткен кеңістікте бізге қол бұлғап алыстай түскендей.

Сонымен, көптен бері көптің көңілінде жүрген тап осы сұрақ пен сауалға жауап беруге ұйытқы болатын той мәдениетін қалыптастыру бойынша істер біздің ауданымызда осыдан біраз жыл бұрын басталып та кеткен. Оны білеміз. Сол кезде аудан әкімі қызметін атқарған Мейірхан Өмірбектің ұсынысымен бастау алған бұл мәселе ә дегенде өзінің жүйелі арнасын тапқандай да еді. Дегенмен, ол кісінің облысқа ауысқан қызметінен соң, бұл жұмыс сиырқұйымшақтанып, түзу ағысынан адасып кеткенін де білеміз.
Міне, қалай болғанда да қазақ қоғамын алаңдатып отырған осы той өткізу мәдениетінің қазығы облысымызда алғашқы болып Меркі жерінде қағылғаны ескерілген болуы керек, өткен аптаның сәтті сәрсенбісі күні облыстық Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының директоры, журналист Әбдіхалық Жасұлан Лесбекұлы мен аталған орталықтың маманы, «Асабалар алаңы» қоғамының төрағасы, өнертанушы Нұрақбаев Ринат Даниярұлы арнайы іс-сапармен өңірімізде болды.
Аудандық Мәдениет үйінің конференц-залында өткен жиынға аудан әкімінің орынбасары Өмірбек Мейірхан Азатұлы, аудандық ардагерлер ұйымының төраға-мүшелері, ау­дандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Сәбит Мамытбеков пен орынбасары, полиция подполковнигі Айдос Майнауысов, той өткізіп жүрген асабалар қауымы, сонымен қатар, аудан аумағында орналасқан тойханалар мен ірі сауда орталықтарының иелері қатысты.

Жиынды кіріспе сөзімен ашқан Мейірхан Азатұлы кезінде өзге ұлттардың алдында «мен мұндамын!» деп, ерекшеленіп тұратын қазіргі той өзінің ұлттық сипатынан толықтай болмаса да ажырауға шақ келіп, тоқыраудың «құрбаны» болып тұрғанын айтып, барша жұрттың «не істемек керектің» қаракетімен жиналып отырғанымызды тілге тиек етті.

Оған қосымша той өткізу мәдениеті – ондағы тойдың уақтылы басталуы мен аяқталуы, ондағы мақтангершіліктің түпкі нәтижесі – ысырапшылдық, асабалардың той жүргізу біліктілігі, олардың арзан күлкі үшін бейәдеп тірліктерге жол беруі мен орынсыз әзіл және қазақылыққа жатпайтын қалжыңмен жекелеген тойға келушілердің ар-намысын қорлау фактілері барын айтқан Мейірхан Азатұлы облыстық қонақ Жасұлан Лесбекұлына сөз кезегін берді.

– Той мәдениеті артып тұрса, тыныш жатқан бұл мәселені қопарып, қозғау үшін Тараздан арнайы түрде ат терлетіп келмес те едік. Яғни, бұл үлкен проблемаға айналған жағымсыз жайт қоғамда бар деген сөз. Осы орайда, ана бір жылы осы Меркіде, одан кейін іле-шала Шу өңірінде той өткізу туралы қағидаларды көтерген жанды жұмыстар да байқалған. Ол істерді өзгелерге үлгі ретінде танытып жүрген де жайымыз бар. Енді ол жүйе еліміз бойынша қолға алынса деген игі үмітімізді арқалап жүрген қалпымыз осы. «Асабалар алаңы» атты қоғам құрылып, облыс әкімі, жұртшылыққа деген үндеуімізді де жарияладық. Қазіргі қазақ өз тойында өзін мазақтауға жол беріп жүргендігін ескеріп, арнайы әдістемелік нұсқаулық дайын­дадық.

Той мәдениеті және оның тәрбиелік маңызы

Иә, той – қазақ халқының мәдени өмірінің негізгі құрамдас бөлігі. Оны тек шаттық пен қуаныштың орны ғана емес, сонымен қатар, адамдар арасындағы байланысты нығайтып, туыстық, достық қатынасты күшейтетін мәдени шара деп қабылдауымыз шарт.
Той музыкасы мен сөз өнері

Тойдағы ұлттық музыка мен сөз өнерінің орны ерекше. Халық дәстүрін, тұрмысын, салт-санасын жастардың бойында қалыптастыруда тойдың да ерекше рөлі бары жасырын емес. Себебі, кейбір той үстінде жүздескен, тағылымды ой-пікірін көппен бөліскен білімдар дарын иелері он кітаптан таппаған, көкейіңе еш қонбаған ғибратты жетеңе жеткізіп, санаңа серпіліс беруі ғажап емес. Сол тұрғыда, тойда еститін әуеніміз бен тыңдайтын сөзіміздің есті болғаны абзал.
Актуализация: заманауи той мәдениеті

Расында, ата-бабамыздың той өткізу мәдениеті мен әдептерінің қазіргі уақытта өзгеріп, төмендеуі қоғамдық санада алаң­даушылық тудырып отыр. Соңғы жыл­дардағы әлеуметтік желілердегі бейнежаз­балардан байқалатын бейәдеп ойын-сауық, қымбат шашулар мен ысырапшылдық той мәдениетінің шынайы рухын бұзғаны анық. Әрине, жаңа заман талабына сай той өткізу форматтары әр алуан. Алайда, халықтық сипаттан алыстап кету – ұлттың мәдени мұрасын бұзуға әкеліп соғатыны анық.

Той мәдениетін сақтау және дамыту

Той өткізу мәдениетін ретке келтіру үшін бірнеше ұсыныстарды атап өту керек:

1. Салт-дәстүрлерді жаңғырту – той ба­рысында ұлттық дәстүрлер мен рәсімдерді сақтау үшін жастарға ұлттық құндылықтарды түсіндіру қажет;

2. Этикет пен әдепті сақтау – той кезінде адамдардың өзара қарым-қатынасы мен сөйлесуі, мәдениеттің сақталуы да маңызды, сондықтан, бұл бағытта арнайы нұсқауларды пайдалану;

3. Өнер адамдарының қатысуы – ме­ре­келерде барынша ұлттық дәс­түрді наси­хаттайтын музыканттар мен өнер­паздарды шақыру – ұлттық мәде­ниетіміздің деңгейін, мәртебесін одан әрмен асқақтата түсетіні сөзсіз;

4. Тақырыптық бағдарламалар – тойларды ұйымдастыру барысында тақырыптық бағдар­ламаларды енгізу. Яғни, жастардың қы­зығушылығына сай шығармашылық, ұлттық өнермен байланысты жобаларды жүзеге асыру.

Одан әрі той өткізу әдебін қалыптастыру және насихаттау арқылы халқымыздың мә­дениетін өсіретінімізді, сондай-ақ, той тек қуаныш пен табыс көзі ғана емес, ол тәрбие мен мәдениеттің дамуының тірегі болғаны – біздің басты мақсатымыз деген Жасұлан Лесбекұлы біріге жұмыс жасау керектігін ортаға салды.

Сөз кезегін алған Ринат Даниярұлы «Асаба бойында болуы керек қасиеттері мен дағдылары» тақырыбында баяндама жасады.

Алдымен, асаба сөзі «қолдаушы», «жәр­демдесуші» деген мағынада қолданылатын араб тіліндегі «асаба» сөзінен шыққанын, тойдың сәтті өтуі, алдымен, тойды жүргізетін асабаға байланысты екеніне, сондықтан, асабаны дұрыс таңдап, оның кәсіби деңгейін, әдебін, киім үлгісін және жалпы, тойды жүргізу қабілетін ескеру керектігіне тоқталған Ринат Даниярұлы:

–Асаба тойдың барысын басқаруға, қо­нақтарды ұйымдастыруға және шараның атмосферасын көтеруге жауапты. Ол өзіне сенімді, шешім қабылдай алатын көшбасшы болуы тиіс. Асаба адамдармен қарым-қатынас жасауда шебер болуы керек. Ол қонақтармен, той иелерімен және басқа қатысушылармен тиімді сөйлесіп, оларды бір-бірімен таныстыруы қажет. Сонымен қатар, той асабасы қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жақсы білуі тиіс. Ол қонақтардың назарын аударатын, көңілдерін көтеретін ерекше тұлға болып, оның харизмасы мен кейіпкерлігі мерекенің атмосферасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Асаба қонақтардың сезімдерін, көңіл-күйін түсініп, оларға сәйкес әрекет етуі маңызды. Ол қонақтарға, әсіресе, үлкендерге ерекше құрметпен қарап, оларды сыйлап, той барысында олардың пікірлерін ескеруі керек және той ерекшеліктерін ескере отырып, қолданатын сөздері мен әзілдері қазақтың менталитетіне сай болуы қажет. Осы ретте, жуырда біздің «Асабалар алаңы» қоғамының форумы өтпек. Меркіден әзірше 5 асабаны форумға шақырып, қоғамға мүше ретінде қабылдағымыз келеді. Олар арнайы тәлім-тәрбиеден өтіп, сертификат алады, – дей келе, қазақ тойларында ас тарту мен тамақтану тәртібінің дәстүрін өзгертіп, ысырапшылдыққа жол берілмеуі керектігі, тойдың басталуы және аяқталу уақытын қатаң сақтау мәселесін де айтып өтті.

Келесі кезекте, сөз алған АПБ бастығы Сәбит Мамытбеков тойдың ерте басталып, уақтылы аяқталуы тиістігін қолдайтынын жет­кізсе, көпке танымал ардагерлер – Жұмахан Жантелиев, Тасан Дуанабаев, Мелісхан Жұматаев, Қынат Шайхиев, Нұржан Жұманов, Жұман Әлдекенов, Талғат Садықбеков және асабалардың атынан Ғабит Рақышев өз ой-пікірлерімен бөлісіп, той өткізу мәдениеті бойынша ұсыныс-тілектерімен бөлісті.

Иә, той мәселесі жоғары трибуналардан, әкімшілік тарапынан да қаралып жат­қанына үңілсек, бұл салада мәселе бар деген сөз. Сондықтан, бәріміздің бойымыз үйреніп, санамызға сіңе бастаған тойдағы мақтангершіліктен туындайтын ысырап­шылдық, ашкөздік жабайылықтың ашық фактілері, есір музыканың жетегіне ілесіп, етегімізді ашу мен базбір асабалардың ел алдында ұпай жинаймын деп еліріп кететін орынсыз әзілдерінен ажырауымыз керек.