Ақынын ұлықтаған ел озады

0 25

Кімді сүйдім, кімнен қалды көңілім,
Кімдерменен байланысты өмірім.
Бәрін-бәрін жыр моншақ қып тіздім мен,
Өткен күннің алтыны мен көмірін.

Бәрі осында – қуанышым, қайғым да,
Аласарып, айтқан серттен тайдым ба?
Аштым саған қазынамның қақпағын,
Таразыла – кедеймін бе, баймын ба?..

(Шырын ақын шығармасынан)

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйытқы болуымен, ұлттық болмысымыз бен сипатымызды ашық көрсетіп, жаһанға жария ететін Наурыз мерекеміз бойынша жалпыұлттық 10 күндік Наурызнама тұжырымдамасы мақұлданып, бұл жаңа формат ел ішінде қолдау тапты.

Аталған Наурызнаманың астарына үңіл­сек, ұлтымыз үшін жыл басы саналатын Әз-Наурыз тек күн мен түннің теңеліп, табиғат – Ананың жаңғыратын кезеңі ғана емес. Оған – халқымыздың ішкі жан дүниесінің тазаруы мен имандылық иірімдерінен шыққан мөлдір бұлақтан сусындап, сол арқылы айналаңа шапағат нұрын шашу һәм қоғамның әр қалтарысына үңіліп, жақсылық көрсең – шат­тану, шатқаяқтаған шаруаға – шамдану күні деп те баға бергеніміз жөн. Яғни, жыл басы – Наурызда адам санасы мен дүниетанымы өзгеріп, жаманшылықтан жиіркенбесек, қалғанның бәрі бекер сөз демекпін.
Биылғы Наурыз мерекесі қарсаңында қаңтар айында 80 жастың сеңгіріне шыққан ҚР Жазушылар одағының мүшесі Шырын Мамасерікова жайында қалам тербегенді жөн көрдік.

Тегінде, базбіреулер белгілі бір салада яки бағытта аз-кем жүргенімен, инені сабақтай алмаса да іс тіккеннің керімен «керігіп», масаттану буынан «мас» болудың арқасында айналасына мұрын шүйіру «қасиеті» аздай, жолай кездескенге шекесінен қарай «кер­безденіп» жүретіні де бар.

Бұл, әрине, пенделік. Турасында, пенделік емес-ау, ол – өзеуреген өзімшілдігін алға қойып, ал, өзгенің бәрін өзектен тепкісі келетін эгоистік пиғылдың ең төменгі сатысы.

Иә, адамзаттың басты рөлі – бұл фәнидегі кемшін тұсты тұтастай жауып, оған дөп келер кірпіш болып қалану десек орынды. Ал, жарық күнде қырық адасып, орнын жоғалтқан әлдекімнің қасықтап қана үлес қосқан ортақ астан шөміштеп сыбаға алғысы келетін пысықайлығы несі?!. Әлде, оны «арсыз болмай, атақ жоқтың» керіне апарып телеміз бе? Не болмаса, көзіне ешкімді ілмейтін бұл қомағайлықты «қолы ұзын кісінің қоразы жұмыртқа туыптыға» тірейміз бе? Не де болса, біздің негізгі әңгімеміздің арқауына азғантай болса да беташарлық «қызмет» атқарар бұл пәлсапалық ой-пікірдің ауылына басқа бір жолы қайта оралармыз.

«Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай ғана түйіні болады». Біздің басты кейіпкеріміздің жеткен жетістіктерін көпшілікке артық рет жар­намалаудың да пайдасы кем, себебі, еңкейген қарттан бесіктегі баланың өзі жазбай танитын (бұл жерде, жадырап жүретін ақынның жүзі ғана емес, шығармасы да) Мамасерікова Шырын Бөкейқызы жоғарыда жазылған пендешіліктің бетпердесін ешқашан да жамылған емес. Себебі, біз білетін һәм мен танитын көпшіл Шәкең «қара басының қамын күйттеген кісі басқаның бақытты болғанын қаламайды» деген тәмсілді терең түсініп, өзімшіл «тұлға» кезіксе, оның тас-талқанын шығарып, күресінге тастай салатын, яғни, қазіргі кездегі сирек қасиет пен қауқарға ие Адам. Сондықтан болар, Шырын Бөкейқызының шығармашылық тарихындағы ақ дәкемен оралған кіршіксіз таза ойлы жыр дестелерін ашып қарасақ, қайсы тақырып болмасын, онда әділдіктің ақ пердесі ашылып, шынайылықтың бұлтсыз күндегі ұшар шыңын анық көретініңіз рас.

Иә, біздің Шәкең қасиетті Отан мен туған жерге тағзым етуден басқа, еңбек адамдарын, жаны жайсаң тұлғалар мен өмір шындықтарынан өлең шумақтарын өруді ғадетке айналдырған біртума ақын. Бұл фәнидің пәтуалы тұстары мен өмірдің ащы өкініштерін біркісідей бастан өткерген Шырын ақын боямасыз әрі әділетті өмір салтын сүйеді. Оны басқалардан талап етуіне де сол себеп, оған құқы да бар.
Бірде қоғам қайраткері деп те атауға болатын Шырын әкпем өзара әңгіме арасында:

– Алдымен айтсам, Наурыз – жаңару мен жаңғырудың айы әрі жамандықтан арылуға алғышарт болатын кезең деп есептеймін. Сондықтан, осы айдағы 10 күндіктен рухани нәр алсақ, ол әрқайсымыз үшін жылға азық болатыны ақиқат. Біздің Әділетті Қазақстан қағидатын ұстанған егеменді еліміз үшін ол өте маңызды жайт. Мен жақсы көретін, біртума ақын Қадыр Мырзалиевтің «Соғыстан кейін батырлар, сайлаудан кейін уәделер жерленеді» деген астарында терең мағына жатқан сөзі бар. Өмір көрген, оның ішіндегі керегін бір жаққа, кебегін бір жаққа шығаруға қабілеті бар осы ақынның сөз иірімдерінің түбіне үңілсек, талай жайтты аңғарып, ұтымды жолдардың бағыты қайда екенін ұққан болар едік. Біздің қазіргі Тәуелсіз елімізге, ең алдымен, патриоттық сана мен адалдық, сонымен қатар, қаракөз қазағыңа деген жанашырлық керек. Онсыз бәрі де бос дүние. Уәделер жерленеді – демекші, кез келген айтылған сөз, берілген уәденің «белі» бос болып, бекер ауаға ұшса, онда халықтың бес елі соры бар және тоқыраулыққа ұшыраймыз деп есептегеніміз абзал. Мен айтар едім, жауапкершілік – алтыннан да қымбат қасиет деп. Бірақ, оны қара басының қамын күйттеген арзан бағадағы адамдардан күтпесек те болады. Сондықтан, біз қоғамдағы әр қалтарысты Абайша сүзгіден өткізсек, біздің елдің әр саласына «Толық адам» қағидаты ауадай керек. Сонда ғана Әділетті Қазақстан алға жылжиды. Бұл, әсіресе, қазіргі әлемдік геосаяси ахуалдың өршеленіп тұрған кезінде, тіпті, маңызды. Реті келіп тұрғанда барша меркіліктерді Наурыз мерекесімен құттықтап, бар жақсылықты тілегім келеді – деген-ді.

Басқаны қайдам, өз басым шайыр Шырынның шығармашылығы бір басқа, қоғам құ­рылысы мен елдің ертеңіне алаңдайтын қырынан да танылған азамат Шырынның осы көрер көкжиегіне бір табан жақындап, ол кісінің ой-пікірі өрісінен рухани азық алдым деп есептеймін. Бұл әңгіме, шынтуайтына келсек, бала кезден қалыптасқан өмірлік кредо, жеке көзқарасымды нықтай түскендей болғаны рас…
Сонымен, белгілі ақын, жыл басында ғана 80 жасқа толып, Қазақстанның Құрметті жазушысы атағына ие болған Шырын Мамасеріковамен кездесулер кешін жарыса өткізіп жатқан облыс, оның ішінде, әрине, Меркі өңіріндегі жаңалықтарға да тоқталып өтейік.

Жуырда ғана Қостоған ауылындағы М.Жылысбаев атындағы №14 мектептің ба­засында аудан мектептерінің бірқатар педагог­тері бас қосқан акустикалық әсем кеш болып өтті.

Бірден айтқанымыз ләзім, кешті жүргізуші, аталған мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақерке Кикбаеваның кәсибілігі арқасында өзгеше форматты таңдауы мен жоғары шығармашылық ізденісі және тарихты аударған тапқырлығы анадайдан ашық көрінді. Оны аңғарып, ағынан жарылған кештің қонағы Шырын Мамсерікова апайымыз да көпшілікті қызықтырған әдебиет әле­міндегі ойлары мен өмірнамасы турасында кеңінен әңгімеледі. Өз кезегінде мектеп оқу­шылары ақын апаларының шығармаларын жатқа айтып, құрмет көрсетті.

Келесі, «Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян» атты кездесу кеші Ойтал ауылдық клубында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-нің ұйытқы болып, ауыл кітап­ханашыларының ұйым­дастыруымен өтті.

Жүргізушілер, өз істерінің белгілі ма­мандары – Ойтал ауылдық кітапханасының меңгерушісі Бақыткүл Бықыбаева мен ауылдық клубтың меңгерушісі Гүлнұр Құрамаева жүргізген кеш биылғы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» атты жоба аясында ақын Шырын Мамасерікованың 80 жылдық мерей тойына арналыпты.

Кеш барысында аудандық Мәдениет үйінің директоры Нұржан Тулақбаев, Ойтал ауылдық округі әкімінің орынбасары Қанат Шәкібаев пен Ойтал ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Оразбек Мадимаров ақынға деген ізгі лебіздерін арнап, алдағы Наурыз мерекесімен құттықтай келе, сый-сияпат көрсетсе, кітапхана оқырманы, Ойтал ауылдық округі ардагерлер ұйымының мүшесі Дүйсехан Қосымов өлең оқыды, ал, белгілі өнер адамы Нұрдәулет Исатаев ақын сөзіне жазылған «Сұлу Меркі – әсем ән» әнін орындап берді. Осы округтегі «Асыл әжелер» тобы ән шырқаса, №20 ЖОББМ-нің өлеңсүйер оқушылары да ақын өлеңдерін жатқа айтып, кітапханашылар Т.Рысқұловтың жұбайы Әзиза Түбекқызымен сырласу түрінде жазылған «Қымбатты, қимас жеңешем» атты қысқаша сахналық көріністі тарту етті. Осы тұста айта кетсек, Шырын Бөкейқызы кезінде Әзиза апамызбен арнайы кездесіп, сұхбат алып, аудандық «Коммунизм туы», қазіргі «Меркі тынысы» газетіне көпшілік жарыса оқыған кең көлемді мақаласын жариялаған болатын.

Келесі кезекте, Ойтал ауылдық клубының «Абыз домбыра» үйірмесінің жетекшісі, осы кездесудің жоғары дәрежеде өтуіне атсалысқан азамат Аманқос Амантай Жұлдызбайұлы мен өнер иесі Диас Шөмішбай «Жер ұйығым» әнін біріге орындаса, кітапхана оқырманы Төребек Мәмбеталиев «Шырынға арнау» шығармасын, ал, қарақалпақ ұлтының өкілі, округ тұрғыны Ш.Төрекеева өз тілінде ән шырқап, кеш көрігін қыздырды.

Тартымды өткен кеш соңында аудандық орталық кітапхана директорының орынбасары Айман Бүркітбаева Шырын әкпені ұлықтау кешіне белсене қатысқан мектеп оқушыларын Алғыс хатпен марапаттаса, Ойтал ауылдық округі әкімінің орынбасары Қанат Шәкібаев кешті ұйымдастырушылардың бірі Амантай Жұлдызбайұлына Алғыс хат тапсырып, құрмет көрсетті.
Сөз алған Шырын Мамасерікова кешті ұйымдастырушыларға деген алғысын жеткізіп, бұл үлкен құрметті өзіне ғана емес, өлең деген құдіретті періштеге, анаға деген тағзым деп қабылдайтынын айтты.

Иә, біз де газет ұжымы мен оқырмандар атынан ақын әкпемізді Наурыз мерекесімен құттықтап, зор денсаулық пен шығармашылық шабыт тілейміз.

Ел таныған Шырын ақынның шығармалары ел жадында сақталып, қазақ әдебиетінің алтын қорына ене бермек, ол хақ дүние.