Қазақ поэзиясының хантәңірі

0 22

Тегінде, руханият әлеміне қанат қағып, тылсым құдіретке толы киелі өнер өлкесіндегі мөлдір бұлақтан сусындап өскен ұрпақтың көрер көкжиегі кең, болашағы зор, келешегі кемел келеді.

Биылғы 2025 жыл Жамбыл облысында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» атты жобамен бастау алды. Бұл жобаның астарында білімге ғашық жанның ханның тағына айырбастай қоймайтын басты байлығы – кітап деген ақылына ақы сұрамайтын алтын қазынасы жатыр.

Сондықтан болар, Темірбек Қожакеевтей баспасөз саласының сардары, Шырын Бөкейқызын­дай өміршең өлеңдерімен оқыр­ман жүрегін жаулаған жыр шайыры бар Меркі өңірі сөз құдіретін сезініп, рухани жаңғыру жолында еш жалықпайтынын жалпақ дүниеге жайып келеді.

Соның бір дәлелі, өткен аптаның жұмасы күні «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-не қарасты ауылдық кітапха­нашылардың «Руханият» тобының ұйымдас­тыруымен, Қ.Жандарбеков атындағы «Өнер» мектебінің акт залында өткен аудандық көркемсөз оқу байқауы еді.

Қазақ поэзиясының биік Хантәңірі са­налатын Мұқағали Мақатаевтың әдеби жолына арналып, мектеп оқушыларының шығармашылық қабілеттері мен эстетикалық талғамын арттыратын, сонымен қатар, табиғи дарын иелерін анықтауға ұйытқы болатын «Поэзия, менімен егіз бе едің?» атты байқау, шын мәнісінде, жоғары дәрежеде өтті десек болады.

Ол жоғарыда аталған «Руханият» тобының мүшелері – Ойтал ауылының кітапханашылары Б.Бықыбаева мен Р.Айтжанова, Ақтоған ауы­лының кітапханашысы Г.Беркімбаева, Т.Рысқұлов ауылының кітапханашысы Р.Айтаева, Тұрлыбай батыр ауылының кітапханашысы Г.Омашева, талдыбұлақтық Н.Ерназарова, гранитогорлық А.Ибраева мен әскери а/к У.Айтбаеваның шығармашылық ізденістері мен бай тәжірибесінің жемісі болса керек.
Сонымен, ақын портреті мен қанатты сөздері, таңдамалы шығармалар жинағы және ақын туралы жүрекжарды лебіздер орын алған «Өнер» мектебінің фоэсіндегі қазынамен танысқан жыр сүйер қауымды сахна төрінде №20 ЖОББМ-нің 9-10 сынып оқушылары «Бақыт деген» әні бойынша дайындаған сахналық қойылыммен қарсы алды.
Сөз алған аудан әкімінің орынбасары Өмірбек Мейірхан Азатұлы 9-ақпан – Мұқағали Мақатаевтың 94 жылдығы қарсаңында ақынға тағзым ретінде өткізіліп отырған байқаудың жас ұрпаққа беретін маңызы мен мәніне терең тоқталып, Мұқағали ақынның анаға арнаған шығармасын жатқа айтып берді.

Келесі кезекте Мейірхан Азатұлы өлеңді өміріне серік етіп, сөз семсеріне айналдырған белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жуырда ғана Қазақстанның Құрметті жазушысы атағын иеленген, байқаудың құрметті қонағы Шырын Мамасерікованы қошеметпен ортаға шақырып, мерейжасы мен жоғары атағымен қызу құттықтап, иығына орамал жауып, гүл дестесін сыйлады.
Өз кезегінде, Шырын Бөкейқызы Мұқағали ақынды сүю – барша қазақты сүю екенін айтып, өзіне көрсетілген зор құрмет үшін аналық ақ алғысын жеткізді.

Одан кейін сахна төріне көтерілген аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Мелісхан Жұматаев ақын өлеңдерін жатқа айтып, өзінің шығармаларын да таныстырып өтті. Одан кейін «Мұқағали өмірді, ал, өмір Мұқағалиды қимады» деген Мелісхан Жұматаев Мұқаңдай мұзбалақ ақын халқының жүрегінде мәңгі сақталатынын айтып, байқау жұмысына сәттілік тіледі.
Ал, еңбек ардагері, ақындық өнер жолынан көрініп жүрген Есен Нүпбаев бен ардагер-журналист Уәли Қырғызбаев Мұқағали Мақатаев туралы ой-пікірлерімен бөлісіп, Есен аға «нағыз ақын өмірі, өлгеннен соң басталар» дегенге саятын өлеңін оқып берді. Одан әрі М.Мақатаевтың шығармалары бойынша респуб­ликалық байқаудың жеңімпазы, ау­дандық орталық кітапхананың мүмкіндігі шек­теулі оқырмандар бөлімінің кітапханашысы Мария Нисонова ақынның «Бақыт деген не?» шығармасын айтып беруі де көпшіліктің көңілінен шықты.
Иә, байқаудың жүргізушілері айтқандай:
«Қуат алып Абайдың тіл күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге,

Абай болып түңілем бір кісіден – деп жырлаған Мұқағали ақын арамызда болғанда биыл 94 жасқа толмақ еді. Алайда, жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағалидың артына қалдырған өшпес мұрасы жарқырай, өркендей өсіп, айшықтала түсуде, оның бейнесі тұлғаланып, биіктей түседі. Иә, Мұқағали – ғажайып, сыршыл, гуманист ақын. Қашанда ақиқаттың ақ туын көтеріп, әділет пен адалдықты тең ұстаған сырлы өлеңдерімен қазақ даласының әр түкпірінен өзінің оқырмандарын тапқан Мұқағали өлеңдері ешқашан өлмейді» – демекші, осындай ауқыммен басталып, кіріспесінің өзіне бірқатар сырға толы «сыбағаны» сыйғызған аудандық байқаудың негізгі бөлігі де келіп жетті.
Мұқағали (шын аты – Мұхаметқали) Мақатаев 10 жасынан бастап өлең жазған. Тұңғыш өлеңі 1948 жылы Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде жарияланған екен. Ақынның «Дариға жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», «Өмір-дастан», «Атамекен», «Райымбек» және т.б. кітаптары жарық көрді. Оның «Аманат» атты жыр жинағы 2000 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды, бұл ақын шығармаларының көмескі тартпайтынын көрсетеді. Бүгінде Мұқағали Мақатаевтың 1834 өлеңі мен 19 поэмасы бар екені анықталды. Оның 100-ден астам өлеңіне ән жазылғаны тағы бар.

Міне, бүгінгі байқаудың шарты – оған қатысатын оқушының поэзияны сүйетін, оны поэтикалық тұрғыда талдай білетін, өлеңді көркем түрде мәнерлеп оқитын қабілеті болуы керектігі басты ұстаным болды.

Байқау үш кезең – «Жазылар естеліктер мен туралы…» айдарында ақынға арналған ақын-жазушылардың арнау шығармасын жатқа айту, «Әр өлеңі – бір әлем» айдарында Мұқағали өлеңдерін жатқа мәнерлеп айту мен үшінші кезеңдегі «Мен қаншалықты білемін?» атты сұрақ-жауап бөлімінде ақынның өмір жолы мен шығармашылығы туралы сауалдарға жауап беруден тұрды.

Байқау жұмысы арасында белгілі өнер иелері – Нұрдәулет Исатаев Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Сағыныш самалы», Амантай Аманқос Мұқағали ақынның «Есіңе мені алғайсың», ал, Гүлнұр Құрамаева ақынның «Күрең күз» әнін орындаған соң, қатысушылар да сахна төріне көтерілді.

Олардың қатарында №44 ЖОББМГ-нің 7-сынып оқушысы Мәди Жанат, №3 ЖОББМ-нің 8-сынып оқушысы Сания Әшімбек, Тілеміс батыр атындағы №4 ЖОББМ-нің 11-сынып оқушысы Нұрай Асанқұл, А.Тұрғымбаев атындағы №7 ЖОББМ-нің 10-сынып оқушысы Шыңғысхан Нарымбетов пен 11-сынып оқушысы Қартбай Абдулқадыр, №2 Аспара мектебінің 10-сынып оқушысы Білімжан Сәрсенбай, М.Жылысбаев атындағы №14 ЖОББМ-нің 11-сынып оқушысы Диас Жолшыбек, №5 Ақарал ЖОББМГ-нің 11-сынып оқушысы Әсемай Құрманғали, Гранитогор мектебінің 9-сынып оқушысы Евгений Чечеткин мен Аиша Жүнісова, №35 ЖОББМ-нің 11-сынып оқушысы Гүлайым Бейсенбек, А.Асқаров атындағы мектеп-гимназиясының білім алушысы Нұрғиса Маратұлы, №22 ЖОББМ-нің 10-сынып оқушысы Диана Амантай және №13 ЖОББМ-нің 9-сынып оқушысы Алихан Тілеубек болды.

Міне, осы үміткерлер аудандық байқаудың әділқазылар мүшесі – аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Мелісхан Жұматаев, «Меркі ақиқат» газетінің Бас редакторы Серік Құралбай, «Меркі тынысы» газетінің Бас редакторы Әлихан Нұралиев пен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұргүл Нұрсейітованың бағалау критерийлері – көркем мәтінді оқу шеберлігі, жатқа айтуда тіл тазалығы, ерекше ұйқасы мен құрылымы, дауыс интонациясын сақтауы, сөйлеу мәнері және мәдениеті, сахналық мәдениет пен сахнада өзін-өзі ұстауы сияқты бағалау сүзгісінен өтті.

Нәтижесінде, аудандық байқаудың (бұл байқаудың алдында іріктеу кезеңі өтіп, оған барлығы 29 үміткер қатысып, оның 14-і ғана аудандық байқауға жолдама алған-ды) барлық сатысында жоғары нәтиже көрсеткен Тілеміс батыр атындағы №4 ЖОББМ-нің 11-сынып оқушысы Нұрай Асанқұл әділқазы мүшелерінің ортақ шешімімен Бас жүлдеге ие болды.

Ал, №5 Ақарал ЖОББМГ-нің 11-сынып оқушысы Әсемай Құрманғали 1-орынтаққа көтерілсе, 2-орын гранитогорлық Евгений Чечеткин мен №14 мектептің үкілеген үміті Диас Жолшыбекке тең бұйырды. 3-орынға №2 Аспара мектебінің 10-сынып оқушысы Білімжан Сәрсенбай мен №3 мектептің 8-сынып оқушысы Сания Әшімбек лайықты деп табылды. Бұл тұста өзге ұлттың өкілі болғанымен, мемлекеттік қазақ тілін толық меңгеріп қана қоймай, тіпті, осындай үлкен байқауда бақ сынаған Евгений баламыз қазақ тіліне қырын қарап жүрген базбір қандастарымызға үлгі болуын да қамшылап, меңзеп өткен жөн.

Байқау соңында барлық жеңімпаздар бағалы сыйлықтар және тиісті дәрежелі Дипломға ие болса, жүлдегерлер Алғыс хаттармен марапатталды.

Өте тартымды өткен байқау жүргізу­шілердің «ақиық ақынның ұрпаққа ұран болған жырларын елі де, ақынның ой мен сезім астасқан жырларын жаттаған жас қауым да ешқашан естен шығармайды» деген зор сенімге толы сөзімен аяқталды.