Алпыс үштің асқарына көтерілген қаламгер немесе журналистика саласының сардары Ғалым Иенбергенұлы жайлы бір үзік сыр
«Елге қызмет жасау – білімнен емес, мінезден» – деген екен ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов. Санасына адамгершіліктің сәулесі жүгірген, ақ пен қараны айыра алатын түйсігі мол, шайқап емес, байқап сөйлей алатын шама-шарқы бар әр тұлға осы тәмсілдің тереңіне үңілсе игі. Сонда ғана адамнан адамды артық ететін басты белгі – оған айнала-ортаны еріксіз ғашық болуға итермелейтін жалғыз ғана қасиет – оның мінезі екенін пайымдайсыз.
Біз білетін, мен білетін белгілі қаламгер азаматтардың қатарынан облыстық «Ақ жолдың» бұрнағы, ал, қазіргі таңда құрылтайшысы ҚР Қаржы министрлігі болып табылатын, 30 жыл толған республикалық аймақтық «Салық тәртібі» газетінің Бас редакторы Қасабай Ғалым Иенбергенұлын тап жоғарыда жазылғандай, мінезді әрі текті тұлғаның қатарына жатқызуға болады.
Иә, мінезді болу мыңның біріне бұйыратын қасиет. Ал, анадайдан аяңдап басып келе жатқан азаматтың тұла бойынан мәдениеттіліктің мәнерімен астарласқан тектіліктің иісі шығуы, тіптен, сирек құбылыс. Біз ондай жағымды құбылысты ертеректе жиі болмаса да біршама араға көп уақыт салмай кездестірер едік. Алайда, айналамызды айналшықтаған нарықтық экономиканың «айласы» ма дерсіз, қазіргі таңда тектілікті теңгеге сатқандардың қарасы көп сыңайлы. Маған солай көрінетіні бар… Рас, ащы болса-дағы шындық, қазіргі кезеңде тектіліктен түзілген адамгершілік нормаларынан ада қалған, бірақ, Ахмет атам айтқандай, «білімді» адамдарға аяқ шалынысатын шақта да өмір сүріп жатырмыз…
Ғалым Иенбергенұлын алғаш көрген 2014 жылдың аяғы әлі есімде. Редакция есігін аттап кірген орта бойлыдан жоғары, өте ұқыпты киінген, аққұба жүзді, қазақ айтатын «артық еті жоқ» келісті келген жігіт ағасы аяқпен жүріп емес, бір тылсым күштің қауқарымен қалықтап келе жатқандай әсер қалдырғаны бар. Бойындағы тектілік қасиет те сұхбаттаспай жатып-ақ сыртқа «ақтарылып» түскендей ма, қайдам?! Әйтеуір, бір байқағаным, көріп жүрген көптен өзгеше Ғалекеңнің сөз саптауында да әр айтқанына аса мән бере ойлана тербейтін өзіндік ерекшелігі бар екен. Базбіреулер айтар ойын жедел ақтарып, уақыт сәл өткен соң «атылған оғын» кері қайтара алмай әлек болса, Ғалым ағай әр сөзіне өзіндік баға беріп, оның «лағып» кетпей тура «ондыққа» қадалуына терең басымдық жасайтынына қайран қалған да сол бір кез еді.
Қазақ атамның тектілік дегенінен шығады-ау, кезінде әкесіз өсіп бала кезден адамның жақсысы мен жаманын ажыратуды ерте бастан аңғарған басым, Ғалым ағаның тектілік феноменіне де баса назар аударып, оны өзімше зерттеген уақыт та болды.
Бұл ретте, «ауылы аралас, қойы қоралас жатыр» дегендей, Ғалым Иенбергенұлы көршілес Қордай ауданының кіндік қаны тамған азаматы болғандықтан, қасиетті Қордай жерін мекендейтін нағашы (әкемнің шешесі Сақып Ердебайқызы Қордайдың Қасқарауы) мен құдалармен бас қосқан бір сәттерде көзі қарақты, көкірегі ашық ел ағаларымен кеңес құрып, өзімше «журналистік зерттеу» жүргізгенім де бар-тұғын.
Сондағы біліп, түйгенім, Қордайдың Қызылсай ауылының негізін құрайтын Ұлы Жүз Жаныс ата ұрпақтарының ішінде ХХ ғасырдың басындағы тарихи төңкерістердің арғы жақ, бергі жағында Қасабай атты белді азамат ғұмыр кешкен екен. Өзінің айтар сөзі мығым, ұстанған бағыты айқын, заманына қарай көзі ашық Қасабай бабамыз бұқара сайлаған би болмаса да, рулас ағайындарына қарайласатын, әділдік үшін әркез айқасқа дайын тұратын азулы арыстандай айбатты болған. Айтушылардың сөзіне сүйенсек, ол кісі турасында тура жолдан еш таймайтын һәм ақтық пен ақиқатты аяққа жықпайтын, басымды алсаң да «айттым – бітті, кестім – үзілді» деген бірбеткейлігі де бар, сол бір әз басынан сөз асырмайтын мінезге де бай деген деректерге қанық болдым. Ұлы Қазан төңкерісі тұсында ақтан азап, қызылдан қырғын көрген қыр қазағының бастан өткермеген несі қалды?! Қалай десек те, «теңдік әпереміз» деген қызылдың емес, қансырай қашқан ақтың әскері салған сойқан қарапайым қазаққа ауыр тигені рас. Міне, осындай казак жендеттері Қасабай ауылына да ауыз салып, геноцидтік әрекеттер жасаған екен. Сонда қуғанын бел асырмай жететін жарау аты бар, оған қоса қарауылына іліккен жемтіктің желкесін үзер мергендігі тағы бар Қасабай қыр астынан шыға келе әлгі қарапайым бейбіт ауылға әлімжеттік жасаған жирен қаба сақалды жендеттерді ауыл маңындағы өзен бойында қырып салғанын қордайлықтар осы күнге дейін айтып жүр. Біздің Ғалым ағамыздің кіндік қаны тамған өлкедегі бұрнағы Жандысай өзені атауының Қызылсай болып өзгеруіне тап осы оқиғаның тікелей қатысы бар. Ал, біздің қазақы ұғымда жер-су аты тегін өзгермейді. Оны өзгертетін ел ішінен шыққан текті тұлғалардың тегеурінді тірлігі. Осы ретте, Қасабай бабамыздың ел үшін жасаған батырлығы бір төбе, оған бағыштаған бойындағы тектілігі одан да биікте тұр. Айтпағым бір, ол Ғалым Иенбергенұлының біз жоғарыда айтқан текті болуының бір сыры мен себебі де осында жатыр, тектілік –ұрпақтар сабақтастығымен тарайды.
4-тамыз күні зейнет жасы – 63-ті «алқымдайтын» Ғалекеңнің атасы Сексен ақсақал Ұлы Отан соғысына аттанып, денсаулығы сыр берген соң, дәрігердің қортындысы бойынша ауылына қайтады. Қызылсай ауылының соғыстан кейінгі өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан азамат екен.
Көзін көрген қордайлықтардың айтуынша: «Сексен біртоға, мінезге бай байсалды азамат еді. Соғыс басталған тұста өз еркімен майданға аттанған ауылдастың бірі болды. Ауруы асқынсада, ауылға келіп, көппен бірге аянбай еңбек етті. Кейде төмен қарап, ой тұңғиығына жиі түсіп кететінін байқайтынбыз. Себебін сұрасақ: «Адам баласы бір-біріне жауыздық жасамай, қашан ғана бауырмал болады екен. Соғыс көрдім, қазір ғана бір үзім нанды бөліп жеп, темекімен бөліскен досыңның кенет оққа ұшқаны қандай қасірет! Ол да бір бейбақтың баласы, бір арудың жары, бір сары қарын, қара сирақтың әкесі еді-ау! Міне, сол боздақтар есіме түскенде жүрегім қан жылайды. Әйтеуір, өзіме жұбаныш санайтын немесе өзімді алдаусырайтын бір жайт – ол сол бір қандыкөйлек қаруластарымның әруақтарын еске алып, білгенімше дұға бағыштайтын, олардың артында қалған жоқтаушы адам да керек шығар деген ой жеңілдігі бар» дейтін Сексен жарықтық атына сай тура 80 жасында фәниден озды.
Ғалекеңнің әкесі Иенберген (осыдан 5 жыл бұрын дүниеден озды) ауыл баласының сауатын ашқан белгілі ұстаз болатын. Осы күндері білім арқылы белгілі бір белесті бағындырған болмаса мұғалімнің берер білімі мен тағылымын мүдірмей бойына сіңіріп, ел ағасы болып жүрген Қордайдың көп азаматы: «Иенберген ағайдың айдары есіп, өзіне сіңісті болған білім мен мәдениеттілікке, тектілік пен тәртіпке бізді де аянбай тартқан күндер уақыт өте сағыныш боларын кім білген?! Ол кісінің деңгейіне татитын ұстаздар бұл күндері санаулы, оны мойындауымыз керек» – дейді бірауыздан.
Бұл Иенберген ағайға әділ берілген баға. Себебі, сырт адам – мен үшін көпшіліктің бір сарында ағылуы мүмкін емес. Олар «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген М.Жұмабаевтың тәмсілін «тірек» етіп, ұстаздарын орынды ұлықтады.
«Алып анадан туады» – демекші, кейіпкеріміздің анасы Сағымбүбі шешеміз ат жалын тартып мінер 3 ұл (Ғалым аға тұңғышы), кесте тігер 2 қыз тәрбиелеп өсіріп, бұл күндері олардың жетістіктеріне сүйсіне ғұмыр кешуде. Ол денсаулық сақтау саласының ардагері.
Міне, бар саналы ғұмырын журналистика саласына арнаса да күш-жігері бір сәт сарқылмай, адами қалыптан ажырамаған кейіпі бар, қаламын қару етіп нәтижелі істер үшін қаракет еткен Қасабай Ғалым Иенбергенұлы арғы күні 63 жасқа толады. Облыс басшылығы мен әріптестер қауымы жаны жайсаң болғанымен, жағымсыз тірлікті жаншып жіберетін журналист, күзеу емес, түзетуге жаны құмар Бас редактор әрі мұқалмас менеджер деп санайтын Ғалекеңнің алар асуы алда болса, шығар биігі сол асудың арғы жағында деп есептейміз.