16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні

0 55

Бұл күн мәдениетті, өнерді және ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналады.

Өкінішке қарай, технология жетілген сайын, халқымыздың өмір сүру үрдісі ұлттық көрінісінен алшақтап, көптеген салт-дәстүрлеріміз ұмыт болып барады.

Сондай дәстүрлердің бірі – қолға су құю салты. Қазақ халқында үйге қонақ келгенде жас баланың қолына құман беріп, мойнына сүлгі асып, ас ішердің алдында және астан соң қонақтардың қолына су құйғызатын дәстүр бар. Аңыз бойынша бұл дәстүр Сүлеймен пайғамбардан қалған деседі.

Осыған орай, аудандық мәдениет үйінде ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу бойынша іс-шара өтіп, онда ардагер ұстаз Әшімкүл Өмірбекова бастаған №35 мектептің оқушылары «Сүлеймен де су құйған» тақырыбында көрініс қойды. Осы көрініс арқылы қолға су құю дәстүрінің түпкі шығу мәнісі тереңнен ашып көрсетілді. Сондай-ақ Меркі ауылдық округі аналар кеңесі, “Дәстүрге жол — қазақ аналары” қоғамдық бірлестігі мүшелерінің қатысуымен, жүн түту, келі түю сынды бірқатар дәсүрлер де көрсетілді.

Сонымен қатар іс-шара барысында «Береке» әжелер тобы «Екі алуан», «Ақ сырмақ» халық әндерін орындаса, Меркі ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Роза Байболсынова көрініске қатысқан балаларға арнайы сыйлықтар тарту етті.